Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

Мобильді ойын жасаушы жігіт «100 жаңа есім» жобасында қалай жеңімпаз атанды

2020 жылдың 4 қаңтар 2020 19:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ІТ саласындағы 26 жастағы Алдияр Жұмажанов - «100 жаңа есім» жобасының үшінші кезеңіндегі жеңімпаздардың бірі. Ол «ҚазАқпарат» тілшісіне бұл жоба мен өзінің жұмысы туралы айтып берді.

Шымкент қаласының тұрғыны - онлайн мобильді ойындар жасаушы. Ол 10 жылдан бері Қытайда тұрады. Қазіргі уақытта Қытайдағы беделді ІТ-компанияның бірінде мобильді ойындар мен қосымшаның продюсері.

«Мен «100 жаңа есім» жобасына саналы түрде қатыстым. Қатысу үшін Шымкент қаласынан өтінім жібердім. Жеткілікті дауыс жиналды. Қазақстандықтарға қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған жобаның жеңімпазы болып, өз қаламның атынан қатысу - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің кәсіпкерлердің мобильді қосымшаларды жасап шығаруға деген қызығушылығын арттырып, ІТ саласына, мобильді ойындар мен қосымшаларды бағдарламалауға инвестиция құюға себепші болады. Бұл жоба маған өз жетістігім туралы айтуға, үлгі болуға, қол қусырып отырмай, өзіңе сенуге үйретуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті Алдияр Жұмажанов.




Ол «Ұлы Сұлтан», « Ұйқы шебері» сияқты мобильді ойындарды жасаған.

«Ұлы Сұлтан» мобильді стратегиясы өзіңді Осман империясының билеушісі сезінуіңе мүмкіндік береді. Сіз мемлекетті басқарып, әскери жорықтарға қатысып, империяны кеңейте түсесіз. Мемлекетті гүлдендіру оңай емес: дұрыс шешім қабылдап, кеңесшілер тағайындап, өзге мемлекеттермен соғысуыңыз керек, - дейді ол.

Аталған қосымша қазіргі уақытта AppStore және Google PlayMarket мобильді дүкендерде сатылады. Бүгінге дейін бұл ойын 20 миллион рет жүктелген.

«Мен ойынның концепциясын жасадым. Басқа құрамдас бөлігі және жарнама бойынша командамен бірге жұмыс істедік. ТМД нарығында ойынды насихаттап, локализациясын жасап, компанияның СММ бөлімін басқардым», - дейді Алдияр.

Қазіргі уақытта олар әлем бойынша алғашқы болып ежелгі Қазақстан туралы »Ұлы хан« атты 3D-мобильді ойынын құрастырып жатыр.

«Бұл жоба қазақстандық кәсіпкерлердің қызығушылығын оятады деп үміттенем. Біздің елде ІТ индустрия дамығанын қалаймын», - дейді Алдияр Жұмажанов.

Еске сала кетсек, жақында елордада аталған жоба аясында салтанатты шара өткен болатын.


Жоғары қарай