Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Мобильді интернетпен қамтамасыз етілетін 1 мың ауылдың кестесі бекітілді

2020 жылдың 19 ақпан 2020 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мобильді интернетпен қамтамасыз етілетін 1 мыңнан астам ауылдың кестесі бекітілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру негізі ретінде интернетті жаппай енгізу жұмысы жалғасып келеді. Интернет инфрақұрылымын дамыту - Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасының міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта 117 қала және 3 324 ауыл кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 3169 (95,3 пайызы) ауылға 3G және 4G мобильді кең жолақты интернет тартылған. 2020 жылдың соңына дейін халық саны 250 адамнан асатын 1 мыңнан астам ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету кестесі бекітілді», - деді Асқар Жұмағалиев ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Министрдің сөзіне сенсек, өткен жылы 500-ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған.

«Бұл жұмысты биыл аяқтау қажет. Себебі интернетсіз цифрландыру өңірлерге келмейді. Жер үсті коммуникациялармен интернет жүргізу - экономикалық тұрғыдан тиімсіз және тұтынушылар үшін қымбат болуына байланысты біз жерсеріктер арқылы, оның ішінде One Web жаһандық жобасы аясында жұмыс жүргіземіз. Өткен жылы біз бірқатар кездесу өткіздік. Белгілі бір келісімге келдік. Қазірдің өзінде бірінші спутник іске қосылды», - деді ол.


Жоғары қарай