Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Мирослав Енча: БҰҰ Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдайды

2019 жылдың 20 мамыр 2019 21:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен кездесті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қолдау, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібінің мәселелері талқыланды.

Сенат төрағасы Қазақстан халықаралық қауіпсіздіктің аса маңызды қауіп-қатерлері мен даму саласындағы өзекті мәселелерді шешудегі БҰҰ-ның жетекші рөлін ұдайы қолдап келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге қабілетті бірден-бір жаһандық ұйым болып табылады. Қазақстан осы ұйымның ұстанымдары мен құндылықтарына әрдайым өзінің адалдығын көрсетіп келеді», - деді Д.Назарбаева.

Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның айрықша рөлін атап өткен М.Енча БҰҰ ядролық қарусыздандыру және оның таралмауы үдерістеріне қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үлесін, сондай-ақ Қазақстанның Сирия үдерістері мен ауған мәселелерін реттеу жөніндегі маңызды бастамаларын жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Қазақстан Ауғанстанның тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына мүдделі. Ауғанстанды қатер ретінде емес, маңызды серіктес ретінде көрінуін маңызды деп санаймыз», - деді Д.Назарбаева.

Кездесуде Ауғанстанды осы елдегі жағдайды одан әрі тұрақтандырудың маңызды шарты ретінде өңірлік ынтымақтастық аясында ықпалдасудың маңыздылығы аталып өтті. Сенат басшысы «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» аймақтық конференциясының қорытындысы туралы хабарлады. Шараның мақсаты - елдегі әйелдер мен қыздардың нақты қажеттіліктері туралы халықаралық хабардарлықты арттыру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету және кеңейту болып отыр.

Гендерлік теңдікті ілгерілету мәселелерін талқылай келіп, жоғарғы Палата басшысы әйелдердің жаһандық дамуы мен өркендеуі жөніндегі Трамптың бастамасын атап өтті. Д.Назарбаева аймақ әйелдеріне өздерінің экономикалық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында Орталық Азия мен Ауғанстанда осы бастаманы жүзеге асыруда ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.

М.Енча БҰҰ-ның маңызды бастамаларын, атап айтқанда, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде БҰҰ-ның мүше мемлекеттерге көмек көрсету жөніндегі қызметін нығайтуға бағытталған ұйымның даму жүйесін реформалау жөніндегі Бас хатшы А.Гутерриштің бастамасын қолдағаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

«Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік ісіне зор үлес қосуда. Біз оны жоғары бағалаймыз. Қарқынды ынтымақтастық үшін алғыс айтамыз», - деді БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі.




null

Жоғары қарай