Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.80
EUR 429.27
RUB 5.78
CNY 54.89

Министрлік Қарулы Күштерінен шығарылған экс-министрге қатысты түсінік берді

2019 жылдың 10 тамыз 2019 18:32 266

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі экс-министр Сәкен Жасұзақовты әскери саладан шығару туралы ҚР Президенті Жарлығының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің сауалына берген жауабында Қорғаныс министрлігі Сәкен Жасұзақов бұрын алған әскери атақтарынан айырылмайтындығы айтылған.

«Генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақов ҚР Президентінің өкімі негізінде 2019 жылғы 7 тамызда әскери атағы, мемлекеттік наградалары мен зейнетақы төлемдері сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тізімінен шығарылды», делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қарулы күштерінің Тыл және қару-жарақ бастығы, ҚР Қарулы күштерінің Бас артиллериялық басқармасының бастығы мен оқ-дәрілер басқармасының бастығы,  44859 әскери бөлімінің командирі (Арыс қаласы) қажетті деңгейде бақылау жүргізбей, қызмет барысында олқылықтар жібергені үшін лауазымдарынан босатылды.

Еске салсақ, ҚР Президенті Өкімімен Арыстағы жарылысқа жол берген бұрынғы Қорғаныс министрі Қарулы күштер құрамынан шығарылып, үш жоғары әскери лауазымды тұлғаға қатаң сөгіс жарияланған болатын.

Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып кетті. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.

Жоғары қарай