Ауа райы
Нұр-Сұлтан 18 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 378.65
EUR 430.07
RUB 6.00
CNY 55.10

Министр: Су тасқынымен күрес тиімсіз жүргізіліп жатыр деу - қате

2019 жылдың 4 сәуір 2019 21:53 739

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда су тасқынымен жүргізіліп жатқан күреске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатады. Ресейде, АҚШ-та, Қытайда, Канадада болсын, барлық жерде су тасу жағдайлары тіркеледі. Апта сайын тасқынға қатысты жаңалықтар шығып жатыр. Екі апта бұрын ғана Айова штатында сондай жағдай тіркеліп, 11 көпір қирады, мыңға тарта бидай сақтау қоймасы, қаншама үй күйреді. Америкалықтар қазірдің өзінде ол апаттан келген шығынды 3 млрд доллар деп бағалап отыр. Өкінішке қарай, адам шығыны да бар. Көріп отырғаныңыздай, тасқын су ешкімді аямайды», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, Қазақстан - жер ауқымы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, шұғыл континентальды ел.

«Сол себепті, барлық қауіптерді есепке алып отыру - мүмкін емес. Алайда, әлемнің басқа елдеріндей, тасқын сумен күрес әртүрлі бағытта жүргізіліп жатыр. Бұл ретте бөгет салу, қалпына келтіру, су қоймаларының іргесін қалау секілді жұмыстарды атап өтер едім. Мәселен, 2011 жылы Көксарай су қоймасы салынып, бірқатар мәселелер шешілді. Алайда, мұндай су қоймаларын салу арзан емес. Ондаған миллиард теңге керек. Ал мұндай су қоймалары әрбір облыста бірнешеуден керек. Әлбетте, су тасқынымен күресте тиімді жұмыс жүргізіп жатқан елдер бар. Бізге көп жағдайда бөгеттері көп Голландияны мысалға келтіреді. Бірақ, бұл ретте 17 млн адам осынау кең далада өмір сүріп жатқанын ұмытпау керек. Жалпы, Қазақстанда су тасқынымен күрес тиімсіз жүргізіліп жатыр деу - қате болар еді», - дейді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері, әскерилер тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда су басу қаупіне қарсы бүкіл күш жұмылдырылып отыр. Ең бастысы, адамдардың қауіпті жағдайда қалып қоймауын қадағалау керек. Барлық ақпарат сәт сайын жаңартылып отыр. Вице-премьер Жеңіс Қасымбек проблемалы өңірлерді аралап шықты. Бәрі де бақылауда. Премьер-министрге барлық жағдай баяндалуда. Ел Президентінің тапсырмасы бар. ТЖК өкілдері тұрақты түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, хабарлама таратып отыр», - дейді Дәурен Абаев.

 

 

 

Жоғары қарай