Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Министр импорттық өнімді алмастыру мерзімін айтты

2019 жылдың 27 желтоқсан 2019 17:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығында импорттық өнімді отандық тауармен алмастыру міндеті 2024 жылға дейін іске асырылады. Бұл туралы Сенатта депутаттармен кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Секторда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуын тежеп тұрған бірқатар проблемалар бар. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің төменділігі және мал шаруашылығында өнімділіктің төмендегені байқалуда. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 60 пайыздан астамы мал шаруашылығымен емес, өсімдік шаруашылығымен айналысады. Тисінше, олар халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының тозу деңгейі 80 пайызға жетеді, қарыз қаражатына қолжетімділік, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары үшін 2 жылға арналған «айналым» бойынша мәселелер бар», - деп тоқталды министр.

Осы орайда, С. Омаров министрлік агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдемелерін, азық-түлік тауарларын әкелу кезіндегі инфляция импорты мәселелерін ескере отырып, қайта қарап шыққанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі «Нұр Отан» партиясының ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру жөніндегі сайлауалды платформасын ескере отырып, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер дайындағанын айта кеткім келеді. Бүгінде біздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 тауар енген, олардың ішінде 505 млн АҚШ доллары сомасындағы тек 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелдіміз», - деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, бұл 6 тауардың құрамына: 191,6 мың тонна немесе ішкі тұтынудың 49 пайызы көлеміндегі құс еті; шамамен 30 мың тонна немесе импорт үлесі 39 пайыз көлеміндегі шұжық өнімдері; 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5 пайызы көлеміндегі ірімшік пен сүзбе; 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5 пайыз көлеміндегі алма; шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3 пайыз көлеміндегі қант; 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72 пайыз көлеміндегі балық.

«Жалпы алғанда, импорттық өнімді отандық тауармен алмастыру міндеті орта мерзімді перспективада 2024 жылға дейін іске асырылуы мүмкін», - деп нақтылады Сапархан Омаров.

Жоғары қарай