Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Министр ауылдарға дәрігерлердің тұрақтамау себебін айтты

2020 жылдың 28 ақпан 2020 16:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халық денсаулығы туралы кодекске ауылға барған жас дәрігерді міндетті түрде баспанамен қамту жөнінде норма енгізілмек. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең маңызды мәселе - жас мамандарды әлеуметтік қолдау. Дәрігер жеткілікті болып, біз оларды ауылға жібергеннен мәселе шешілмейді. Мысалы, өткен жылы 2 мыңға жуық дәрігерді ауылдық жерге жібердік. Бірақ, көп жағдайда олар 1-2 айдан кейін, ары кетсе 1 жылдан кейін басқа жерге ауысып жатыр. Оның себебі – қажетті қолдау жоқ. Ал әлеуметтік қолдау болмағаннан кейін ауылдық жерде жұмыс істеу өте қиын болады», - деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ел Парламентінің қарауында Халық денсаулығы туралы кодекс жобасы жатыр. Аталған құжатта ауылға барған жас мамандарды міндетті түрде баспанамен қамту туралы норма көзделген.

«Осы мәселе шешілсе, онда ауылдардағы медициналық кадр тапшылығын 1-2 жылдың ішінде жоюға мүмкіндік болар еді. Біз дәрігерлердің қажетті көлемін дайындап, өңірлерге жібереміз. Өңірлер оларға қолдау көрсетсе мәселе шешіледі. Олар 3 жыл жұмыс істегеннен кейін резидентураға түсуге, мамандықтарын шыңдауға мүмкіндіктері бар. Қолдау көрсетеміз», - деді Елжан Біртанов.


Жоғары қарай