Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Міндетті декларациялауға жататын мүлік тізбесі нақтыланады – Қаржы министрлігі

2020 жылдың 28 қаңтар 2020 15:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі міндетті декларациялауға жататын мүлік тізімін нақтылауды ұсынды. Бұл туралы Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел отырысында аталған ведомствоның вице-министрі Қанат Баеділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, ұйымдастыру және техникалық сипаттағы шешілмеген мәселелерге байланысты 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен өту туралы шешім қабылданды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталатын бірінші кезеңде декларациялау мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендерге және олардың жұбайларына қатысты болады. Себебі аталған санаттағы адамдар бұл үрдіске дайын», - деп нақтылады вице-министр.

Екінші кезеңде, яғни 2023 жылдың 1 қаңтарынан декларациялаумен мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың жұмыскерлері және олардың жұбайлары қамтылады.

Ал үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Декларациялау заңды тұлғалардың басшыларына, құрылтайшыларына, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты болады.

«Төртінші кезеңдегі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялау азаматтардың қалған санаттары үшін енгізіледі. Декларанттардың жалпы саны 13 миллионға жуық адамды құрайды», - деді Қ. Баеділов.

Оның сөзіне қарағанда, жалпыға бірдей декларациялауға дайындық аясында Қарағанды облысы Осакаровка ауданының үш ауылдық округінде қанатқақты жоба іске асырылды. Жобаның қорытындысы бойынша ауылдық жерлерде қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігі байқалды. Респонденттердің 80 пайыздан астамы декларацияны өздері толтыра алмаған.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңнамада кіріс декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтердің нақты критерийлері ескерілмеген. Осыған байланысты көрсетілуі тиіс мүліктің тізімін нақтылау ұсынылды.

Біріншіден, Қазақстаннан тыс жердегі мүлік бойынша: жылжымайтын мүлікті, әуе және теңіз кемелерін, көлік құралдарын, арнайы техника мен тіркемелерді, сондай-ақ шетелдегі банктік есеп-шоттарда 1 мың АЕК-тен астам сомадағы ақшаны міндетті декларациялау ескеріліп отыр.

Екіншіден, тұрған жеріне қарамастан міндетті декларациялаумен келесі мүлік түрлерін қамту ұсынылды: тұрғын үй құрылысындағы қатысу үлесі, заңды тұлғаның жарғылықты капиталға қатысу үлесі, бағалы қағаздар, зияткерлік меншік нысандары.


Жоғары қарай