Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 334.32
EUR 392.29
RUB 5.63
CNY 50.53

Мемлекеттік сатып алулар саласында түйткіл көп - Астана кәсіпкерлері

2017 жылдың 22 қараша 2017 14:34 449

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл кеңесі мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруда орын алатын түйткілді мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықовтың айтуынша, елордалық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар мен оларға қарасты мекемелері тарапынан бұзушылықтар орын алғаны туралы кәсіпкерлер жиі шағымданады.

«2017 жылдың басынан бері кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 231 шағым түссе, оның 20 пайыздан астамы мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруға байланысты. Мемлекеттік органдар мен оларға қарасты ұйымдар тарапынан кәсіпкерлердің өтінімдерін негізсіз қайтару, сатып алуларды жүзеге асыру тәртібін бұзу, байқау құжаттарына ережеде қарастырылмаған қосымша талаптар қою секілді бұзушылықтар анықталды», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, кеңес мүшелері кәсіпкерді мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айыру мәселесінің де өзекті болып отырғанын атап өтті.

«ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңын бұзған жағдайда кәсіпкерлік субъектілері заңның 12-бабы, 6-бөліміне сәйкес, мемлекеттік сатып алулардың сенімсіз жеткізушісі тізіліміне 24 айға енгізіледі. Яғни, барлық заң бұзушы кәсіпкерлер жасаған кінәсі мен келтірген шығын көлеміне қарамастан, 24 айға «қара тізімге» енеді. Осы орайда қалалық кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік сатып алулардың сенімсіз жеткізушілері тізіліміне енгізу мерзімін кәсіпкердің жасаған айыбына, келтірілген шығынға қарай саралауды ұсынады», - дейді Астана кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі, адвокат Болат Келдібеков. 

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада байқауды ұйымдастырушы Мемлекеттік сатып алулар комитетінің бұйрығымен кәсіпкердің өзіне хабар берместен, сенімсіз жеткізушілер тізіліміне енгізе алады.

«Мұны кәсіпкер дер уағында білмейді және шешімге қарсы шағымдану мерзімін өткізіп алады. Салдарынан өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру үшін ұзақ процедуралар жүргізіледі. Осыған байланысты, кәсіпкерді мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатысу құқығынан айыру жазасы сот шешімімен ғана орындалуы тиіс», - деп ұсыныс білдірді Болат Келдібеков.

Сонымен бірге, Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Бауыржан Бейсенов кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетік білмейтінін баса айтты.

«Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетік білмейді. Бұдан мемлекеттік органдар да, кәсіпкерлер де зардап шегуде. Осы орайда, Астана кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері үшін мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырудағы нормаларды түсіндіретін және құқықтық сауаттылықты арттыратын семинарлар мен тренингтерді тұрақты түрде өткізіп тұруға дайын», - деп өз сөзін түйіндеді Б.Бейсенов.

Пікір қалдыру

Жоғары қарай