Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Мемлекеттік органдардың сайттары жабылады

2019 жылдың 20 ақпан 2019 19:12 1580

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік органдардың сайттарын бір порталға шығару жұмысы туралы айтып берді,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Биыл біз мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет порталын жасаймыз.  Жүздеген сайттардың орнына бір портал болады. Оған аудандық әкімдіктерге дейін барлық мемлекеттік органдар шығарылады. Осылайша, қазіргі сайттарды қаржыландыру тоқтатылады. Барлығы бір порталда отырады. Қазіргі кезде біз оны сынақтан өткізіп жатырмыз. Шамамен, сәуір айында біз оны xалыққа көрсете аламыз", - деді Д.Абаев журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, порталда барлық министрліктер мен әкімдіктердің ақпараты жарияланады. Ал арнайы бөлім ол ақпараттың жаңаруын қадағалап отырады. "Портал "gov.kz" деп аталады. Екі жылдың ішінде біз біртіндеп барлық мемлекеттік сайттарды жауып тастаймыз. Соның арқасында 1 миллиард теңгені үнемдеп отыруға болады. Біз Ұлыбританияның тәжірибесін алдық. Ол жақта барлық мемлекеттік органдардың бірыңғай порталы бар. Сонда меморган теxникалық қызметке жауап бермейді, тек өз ақпаратын ғана беріп отырады", - деп атап көрсетті Д.Абаев. 

Айта кетейік, бұған дейін бірыңғай порталдың жасалатыны туралы "Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ  басқарма төрағасы Әсет Тұрысов та айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде сан алуан меморгандардың 296 сайты жұмыс істейді. Олардың ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдар бар. «Басқармалар, комитеттер және тағы басқа органдардың сайттарында сан алуан ақпарат жарияланады. Ал ол сайттардың бәрін ұстап тұруға бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Халық болса, өзіне қажетті ақпаратты бөлек-бөлек іздеп жатады. Бүгінде egov - электронды үкімет порталы бар. Біз арнайы платформаны іске қосатын боламыз. Соның негізінде барлық мемлекеттік органдардың сайттары біріктіріледі. Артынан оны egov-қа қосып қоямыз. Сол кезде азаматтар бір сайтқа кіріп, барлық қажетті ақпаратты бір жерден таба алады. Мемлекеттік қызметтен бастап салалық ақпаратқа дейінгі барлық контент болады. Әкімдікке қарасты басқармалардың сайттарына дейін барлығы бір жүйеге қосылады», - деді Ә.Тұрысов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, аталған бастама бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. Бірінші кезеңде төрт министрліктің сайты бір арнаға қосылады. Осының арқасында қызмет көрсетуді жеңілдетіп қана қоймай, бюджеттің біраз қаражатын да үнемдеуге болады. 

 

 

Жоғары қарай