Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 375.95
EUR 425.80
RUB 5.74
CNY 55.94

Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері шекарада тауар тексереді

2019 жылдың 17 қаңтар 2019 17:45 471

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Ресей Федерациясы мен Қырғызстанмен арадағы шекараның барлық автобекеттеріне 300-ге жуық адам жіберілді. Олар экспортқа шығатын және импортпен келетін тауарларды тексеріп отырады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеттің экспорттық бақылау басқармасының жетекшісі Әнуар Мәдиевтің айтуынша, кешеден бері 37 автобекетте 277 адам жұмыс істеп жүр. Оларға бірнеше міндет жүктелген. Біріншіден, комитет қызметкерлері экспорттық бақылауға жататын тауарларды қадағалайды. Екіншіден, баждың төмендетілген мөлшерлемесіне кіретін тауарларды тексереді. Ондай тауарларға 3 мыңға жуық өнім кіреді. Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету кезінде импортқа қосылған құн салығының толық түсуін бақылайды.

«Бұдан бөлек, бүгінде Қазақстан аумағынан автокөлікпен қара және түсті металдарды шығаруға тыйым салынған. Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері осы мәселені де жіті қадағалап отырады. Бұған дейін біз Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автобекетінде пилоттық режимде жұмыс істеп көрдік. Сол кезде жүк тасымалдаушылар тарапынан наразылық болды. Сондықтан алдағы уақытта түсініспеушіліктер болмасын деп, барлық импорттаушылар мен экспорттаушыларға алдын ала xабар бергіміз келіп отыр», - деді Ә.Мәдиев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің штаты кеңейтілген жоқ. Шекараға жіберілген барлық қызметкерлер комитетте және жергілікті жерде бұрыннан бері жұмыс істеп жүр.

«Осыдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері шекарада тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Осыған орай, жергілікті департаменттерде экспорттық бақылау басқармалары құрылды. Біз штатты кеңейткен жоқпыз», - деп атап көрсетті Ә.Мәдиев.

 

Жоғары қарай