Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Мемлекет қолдауы өңірдегі әр шаруашылыққа жетуі тиіс - Архимед Мұхамбетов

2020 жылдың 2 сәуір 2020 03:32

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс әкімдігінің селекторлық кеңесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған тапсырмалар қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы берген тапсырманың бірі – көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу. Бұл мақсатқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 70 млрд теңге бөлінеді. Несие алушы үшін мөлшерлеме 5%-тен аспайды. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру жұмысы жоспарлы режимде жүргізілуде. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ҚФ мәліметтеріне сүйенсек, Қостанай облысы кәсіпкерлеріне «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 17 млрд теңге қарастырылған.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы ел бойынша қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Осы бағдарлама шеңберінде соңғы мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріздендірілді және 6%-ті құрайды. Бүгінде Қостанай облысында 12 млрд теңге сомасына 39 жоба мақұлданды. ЕДБ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 12 жоба қаралу үстінде», – деді облыс әкімі.

Архимед Мұхамбетов қосымша несие қаражатын бөлуді жүзеге асыру тетігі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қостанай филиалымен бірлесіп пысықталатынын атап өтті. Аймақ басшысы шағын және орта шаруа қожалықтарын бірінші кезекте қолдауға назар аударды.

«Жақын күндері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие беруді кеңейту бойынша түсінік жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті әкімдер шаруа қожалықтарының басшыларын хабардар етеді. Біздің облыста мұндай 6700 шаруашылық тіркелген. Көрсетілген қолдау өңірдегі әр шаруашылыққа жетуі тиіс. Тексеру комиссиясы мен Қостанай облысының прокуратурасы өңірлерде тиісті қадағалау мен бақылауды қамтамасыз етуі қажет», – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15%-ке арзандату жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қостанай облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 71 мың тонна дизель отыны бөлінді.


Фото: kstnews.kz


Жоғары қарай