Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Мемлекет басшысы Қостанайдағы жастар форумына қатысты

2019 жылдың 21 мамыр 2019 16:17

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында жастар форумына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты. Көршілес екі елдің белсенді жастары бас қосқан алқалы жиын кеше жаңа ашылған Жастар сарайында басталды.

Форум барысында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды.

Оның айтуынша, елде 200-ден астам еріктілер ұйымы тіркелген.

«Қазақстанда еріктілер қозғалысы жақында ғана пайда болды. Біз мұны елдегі ауқымды іс-шаралармен байланыстырамыз. Осы уақыт ішінде біз еріктілердің өзіндік жобаларын жасадық. Бұған мемлекет жақсы қолдау білдіріп келеді. Сол себепті келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынамын», - деді В. Ким.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысына «Mensenemin», «Qazaqstansulary» акциясы таныстырылды. Форум барысында өңір жастары жүзеге асырып жатқан ілкімді жобалар жөнінде айтылды. Бірқатар белсенді жас сөз алып, облыста жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасып, табыс табуына мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті. Мәселен, Рудный индустриялық институтының 2-курс студенті Нұржан Әбікенов смарт аяқ киімін жасап шығарған. Әзірше, өндіріс саласында ғана киюге арналған «ақылды» аяқ киімнің ұлтарағы арнайы қуаттандырғышпен жылытылады.

«ССКӨБ» АҚ-да кеншілер 500 метр тереңдікте жұмыс істейді. Мұндай тереңдікте табаннан суық тез өтеді. Біз ойлап тапқан смарт аяқ киім кеншінің аяғын бір тәулік бойы жылы ұстай алады. Негізі, «ақылды» аяқ киім Қытайда да бар, бірақ қымбат. Кемінде - 15 мың теңге. Ал біздің смарт аяқ киімдердің құны - 5 500 теңге», - дейді өнертапқыш жігіт.

Еске салайық, Қазақстан-Ресей жастарының форумы барысында өткізілген сенбілікке ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысты.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.

Жоғары қарай