Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Мемқызметшілер БАҚ пен әлеуметтік желідегі сынға дұрыс жауап беруді үйренеді

2019 жылдың 24 шілде 2019 18:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер БАҚ пен әлеуметтік желілердегі резонанстық жарияланымдарға дұрыс жауап беруді үйренеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың төрағалығымен алдағы кезеңге арналған жұмыс басымдықтарын талқылау бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тиімді және сапалы іс-қимылы жөнінде айтылды.

«Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен өзара іс-қимыл дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлу, оларды Мемлекеттік басқару академиясының базасында БАҚ-тағы, әлеуметтік желілердегі резонанстық жарияланымдарға дұрыс әрекет ете білуге үйрету қажет», - деді ведомство басшысы.

Академияға бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың басшылықтағы қызметкерлеріне осындай дағдыларды оқыту бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

«Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында білім беру жүйесі - экономиканың бір бөлігі екенін атап өтті. Әрбір мемлекеттік қызметшінің біліктілігі, халықпен және халықтың мүддесі үшін жұмыс істеу қабілеті - мемлекеттік аппарат пен қоғам арасында сенімді қарым-қатынас құрудағы негізгі элемент болады», - деді ведомство басшысы.

Анар Жайылғанованың сөзінше, мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың мүддесі мен құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады.

«Бүгінгі таңда агенттікке келіп түскен өтініштер санының өскені байқалады, бұл - халықтың біздің жұмысымызға деген сенімінің көрсеткіші. Осы ретте, біз олардың сапалы және уақтылы қаралуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Әрбір шағым жан-жақты зерделеніп, қисынды аяқталуға тиіс», - деді агенттік төрағасы.

Анар Жайылғанова өтініштерді сапасыз қарау фактілері талданып, кінәлілерге қатысты елеулі шаралар қабылданатынын ескертті.

Жоғары қарай