Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Мектеп мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтеді - Күләш Шәмшидинова

2019 жылдың 18 наурыз 2019 18:12

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова білімнің жаңартылған мазмұны бойынша мұғалімдерді даярлау шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2016 жылы қыркүйектен бастап жалпы мектептерде жаңартылған білім бағдарламасы енгізіле бастады. Ал осы бағдарламаға байланысты мұғалімдерді даярлау шаралары 2012 жылы басталған болатын. Бірақ соған қарамастан, алдағы үш жылда 140 мың мектеп мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтеді. Себебі бүгінде бізге керегі - мұғалімдердің дайындығы. Бүгінде мектептегі білімнің сапасы, жалпы мұғалімдердің балалармен қарым-қатынасы, ата-анамен қатынасы мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты", - деді К.Шәмшидинова Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Министрдің айтуынша, үш жылдың ішінде мектепке келіп жатқан псиxологтар мен сынып жетекшілерін де оқыту жоспарланған. Олардың жалпы саны - 85 000 адам. Сондай-ақ, 15 мыңнан астам колледж ұстаздары мен 2 мыңға жуық жоғары оқу орнының оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтетін болады.

«Біз бәріміз оқыдық қой. Сонда оқулықта тақырыпты өткеннен кейін астында сұрақ болатын. Сол сұрақтың жауабы тақырыптың ішінде болды. Қазір біз мұғалімдерге былай айтып жатырмыз, сіздер балаға дайын өңделген ақпаратты бермеңіздер. Балаға сұрақ қою арқылы, есеп шығарту арқылы, тапсырманы орындау арқылы материалды біртіндеп меңгеруге, білімді іздеуге үйретіңіздер деп жатырмыз. Дәл осы тұста мұғалімдердің қиналып жатқаны байқалады. Сол себепті қайта даярлау курстарын ұйымдастырып жатырмыз», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.

Айта кетейік, бүгінгі кездесуде министр мектепте төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту мәселесін түсіндірді.

"Бүгінде барлық адамдарды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе ол - xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары класта ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз бен мектеп дайын болған кезде, өздеріңізбен келісе отырып, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Асықпаймыз, ешкім қуып келе жатқан жоқ", - деді К.Шәмшидинова бүгін Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Жоғары қарай