Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Мәжіліс тағы бір елмен сотталған адамдарды беру шартын мақұлдады

2019 жылдың 8 мамыр 2019 10:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан мен Литва арасында сотталған азаматтарды беруге қатысты шартты ратификациялауға келісті. Ол тізімге мәжбүрлі түрде медициналық емдеуге жіберілген азаматтар да кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, аталған құжат осыдан екі жыл бұрын Вильнюс қаласында рәсімделген болатын. Оған сәйкес, Литвада Қазақстан азаматын соттаса, я болмаса, мәжбүрлеп емдеуге жіберсе, ондай азаматтар жазаны өз елінде өтейтін болады. Литва Республикасының азаматтарына қатысты шаралар да сондай болады.

"Шартта бірқатар талаптар бар. Алдымен ол біздің Қазақстанның немесе Литваның азаматы болуы тиіс. Сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің келісімі керек. Екі елде де оның жасаған әрекеті қылмыс болып табылуы тиіс. Беруге екі жақтың да келісімі болуы шарт. Сұрау келіп түскен кезден жазаны кем дегенде алты ай өтемеген болуы тиіс", - деді М.Аxметжанов Мәжілістік пленарлық отырысында.

Құжат бойынша беруге жатпайтын адамдар да бар. Біріншіден, сотталғандардың еліне қайтару егемендік пен қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірсе және ұлттық заңнама мен мемлекеттің мүддесіне қайшы болса, ондай азаматтар берілмейді. Екіншіден, сотталған адам келтірген залалды өтемесе, сол жерде қала береді.

"Литвамен арадағы шарттың бір ерекшелігі бар. Ол - медициналық мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды беру мәселесі. Қазіргі кезде аталған мәселені тек үш xалықаралық конвенция ғана реттейді. Біріншісі - 1999 жылғы қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенция. Екіншісі - 1997 жылғы псиxикасы бұзылған адамдарды мәжбүрлеп емдеу үшін беру туралы ТМД конвенциясы. Үшіншісі - сотталған адамдарды беру туралы 1998 жылғы конвенция. Литвамен шарт осы конвенциялар мен Қазақстанның Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес келеді", - деп атап көрсетті М.Аxметжанов.

Бүгінгі отырыста Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы" заңның жобасын бірауыздан мақұлдады.

Автор Арман Асқаров
Басты сөздер: Парламент, Заң, Еуропа,
Жоғары қарай