Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Мәжіліс «Ардагерлер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

2020 жылдың 1 сәуір 2020 12:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.

«Біріншісі – ол ҰОС ардагерлері. Бұл санатқа соғысқа қатысушылар және ҰОС мүгедектері жататын болады. Екіншісі басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне қатысты. Заң жобасына сәйкес, оларға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтар санаты жатады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, үшіншісіне жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар санаты еніп отыр. Заң жобасы аясында оларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтардың 8 санаты және ҰОС мүгедектеріне теңестірілген азаматтардың 5 санаты кіреді.

Төртіншіден, еңбек ардагерлері қамтылған. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған тұлғалар, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кеміне 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет өткерген және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегімен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдермен марапатталған адамдар жатады.

«Сонымен қатар заң жобасында ардагерлерге қатысты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Министрлік өз кезегінде қызмет түрлерін ардагерлерге көрсетуді белсендендіру бағытында құқықтық актілерге толықтырулар енгізіп, ардегерлердің қоғамдық бірлестіктерімен, кәсіподақтарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқаратын болады. Құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша заң жобасында қолданыстағы заңнаманың ескірген және тәжірибелік мәні жоғалған нормалар алып тасталды», - деді министр.


Жоғары қарай