Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Манзоров ісіне соңғы нүкте қойылған жоқ - агенттік

2019 жылдың 21 қараша 2019 16:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты іске соңғы нүкте қойылған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз де білетіндей, 26 қазанда Манзоровқа қатысты қылмысты іс Бас прокуратура тарапынан тоқтатылған болатын. Бас прокуратураның бұл шешіміне орай біз Бас прокурордың орынбасарына шағым түсірген едік. Алайда, Бас прокуратура бұл шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Жауабын жақында ғана алдық. Бұл істі тыңғылықты алып қарайтын болсақ, Манзоровқа қатысты қылмыстық іс еліміздің екі азаматының арызы бойынша қозғалды. Онда Манзоровтың жемқорлық қылмыс жасағаны нақты көрсетілген», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Бас прокуратура Манзоровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазған екі азаматты жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілікке тарту қажет.

«Қазіргі уақытта біз Бас прокуратураның дәлелдерін зерделеп жатырмыз. Аталған дәлелдерді тыңғылықты қарап болғаннан кейін наразылық таныту мәселесі қаралады. Яғни, Бас прокурордың атына шағым түсіреміз», - деді Д.Бегайдаров.

Аға тергеушінің сөзіне қарағанда, Бас прокурор да агенттік шағымын қанағаттандырмаған жағдайда Манзоровтың үстінен арыз жазған екі азаматты жауапкершілікке тарту мәселесі қолға алынбақ.

Еске салсақ , Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров ұсталғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағы («Лауазымын пайдалану арқылы аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша айып тақты.

Кейін Бас прокуратура Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді.

Көп ұзамай шенеунік өз қызметіне қайта кірісті.

Өз кезегінде агенттік Бас прокуратураның бұл шешіміне наразылық танытты.

Жоғары қарай