Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 361.94
EUR 423.25
RUB 5.40
CNY 52.82

Маңғыстауда мәдениет пен өнер майталмандары марапатталды

2018 жылдың 22 мамыр 2018 22:45 979

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының мәдениет және өнер қызметкерлері өздерінің  кәсіби мерекесі қарсаңында жоғары марапатқа ие болды. Өнер майталмандары үшін арнайы концерт ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.  

Шараға қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бір руханиат жанашырларына төсбелгі тағып, диплом мен сыйақы тапсырды. Атап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен  өнер зерттеуші Айтберген Жаңбыршы, белгілі жыршы Жеткізген Сейтов, Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің  әдіскері  Жапырақ Танашева, Жаңаөзен қалалық «Мұнайшы» мәдениет үйі жанындағы «Асыл мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Қаракөз Кемерова марапатталды.

Сондай-ақ,  2017 жылдың  қорытындысы бойынша мәдениет  және өнер саласының  үздік қызметкерлері  облыс әкімінің қолынан арнайы диплом және 300 000 теңге көлеміндегі сыйақы алды. Мерекелік шарада сөз алған өңір басшысы: «Мәдениет пен өнер - әрқашанда ұлттық руханиятымыздың басты тірегі болып келді және бола береді де. Сондықтан ұлттық болмысымызды сақтау - Сіз бен біздің қасиетті парызымыз.

Ұлт болашағы ең алдымен әдебиетке, мәдениетке, өнерге тікелей байланысты. Қазақ халқының тумысынан бойында қалыптасып, қаны мен жанына сіңген асыл қасиетті қазыналарға негізделетіні де сөзсіз.

Өңірлік төлтума мәдени брендтің бірегейі болған Маңғыстаудың жеті қайқысы мен бес жүйрігінің өзі осының нақты дәлелі», - деп атап өтті.

Күні бүгінге дейін өнер майталмандарының қатысуымен өткен шаралар аз емес. Мәселен, еліміздің, өңіріміздің мәдени өмірінің әлемге танылуына айтарлықтай ықпал еткен «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің Австрия, Түрікменстан республикаларындағы концерттік сапарларын, облыс өнерпаздары мен қолөнершілерінің  халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі сәтті өнерін, Маңғыстау облысының Түркменбашы қаласындағы мәдени күндерін, жекелеген өнер ұжымдарының шетелдердегі конкурс, фестивальдердегі елеулі табыстарын ерекше атап өтуге болады.

Республикалық деңгейде өткен Отпан таудағы Амал тойы, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай және Светқали Нұржан сынды ақындарымыздың  шығармашылық кештері, 11 жылдан кейін өткізілген ақындар айтысы, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының 15 жылдық мерейтойы.

Бұл шаралар тек аталып қана өткен жоқ, ұлттық рухымызды көтеріп, салт-дәстүрімізді жаңғырта түскені анық.

 

 

Жоғары қарай