Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 376.40
EUR 427.36
RUB 5.86
CNY 56.08

Мәдениет, спорт және туризм - бұл салаларды биыл қандай өзгерістер күтіп тұр

2019 жылдың 20 ақпан 2019 18:54 3030

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жаңалық өте көп» дейді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Расында да, Астанада өткен алқа мәжілісінде министрдің бір сағаттық баядамасында біраз шаруа мен жоспардың айтылғаны шындық. Сонымен, еліміздің мәдениет, спорт және туризм, кино мен театр саласын қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл мақалада осы тақырыпты сараптап көрмекпіз.

Тарихты түгендеу: Мақсат - шетел архивтеріндегі 30 мың құжат

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, National Geographic, BBC World news, Discovery, Viasat History секілді жетекші әлемдік арналармен бірлесіп, әлемдегі тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және көпшілікке тарату үшін Қазақстанның киелі объектілері туралы толық метражды тарихи деректі фильмдер циклі шығарылған. Атап айтқанда, «Күлтегін. Жаңа көзқарас», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі мавзолейлері», «Көшпенділер жері» секілді тарихи фильмдер эфирге шығарылған. Осы ізбен министрлік 2019 жылы «Ботай», «Тәңіршілдік күнтізбесі», «Ұлы Даланың ежелгі металлургиясы» серияларын жарыққа шығаруды көздеп отыр.

«АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Франция, Австрия, Қытай жетекші мұражайларына Алтын адамның Дүниежүзілік шеруінің қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу фильмдерінің циклі мен Алтын жауынгер туралы толық метражды анимациялық фильм шығарылады», - дейді ол.

Министр өз баяндамасында атап өткендей, тарих ескерткіштерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың өзінде 3 республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» қорық-мұражайы ашылып, «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» мұражай-қорықтарында визит-орталықтардың құрылысы басталып кеткен.

Тарихты түгендеу жолында министрден кейін баяндама жасаған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Архив-2025» бағдарламасының мақсаты мен міндеті туралы айтып берді. Оның айтуына қарағанда, жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық архив пен қолжазбалар, сирек кітаптар ұлттық орталығының жанынан «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылған. Арнайы республикалық жұмыс тобы құрылып, оған барлық орталық және өңірлік архив жетекшілері, облыстық архив басшылары кірген. Бүгінгі таңда «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының жобасын дайындау көзделіп отыр.

«Бұл бағдарламада біз БҒМ-ның тарих, шығыстану институттарымен, ғалымдармен бірігіп жұмыс істейміз. Бүгінгі күні «Мәдени мұра», «Тарих толқыны» бағдарламаларының арқасында 36 635 құжат анықталған екен. Бірақ, оның 6 400-інің ғана көшірмесі келген. Сол себепті, бірінші кезекте ғалымдарымыз анықтаған, алайда елге әкелінбеген құжаттарды әкелу жоспарланып отыр. Бұл да біздің тарих ғылымының дамуына, тарихты түгендеуде жақсы қадам болмақ», - дейді Берік Әбдіғали.

Отандық киноның айы оңынан туа ма?

Министрдің маңыз берген тақырыптарының тағы бірі - отандық кино саласы. Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне құлақ ассақ, 1-2 жылда қазақ киносы халықаралық деңгейге шығады.

«Мемлекет басшысы «Кинематография туралы» заңға қол қойды. Киноқауымдастық үшін және қазақстандықтар үшін бұл тарихи оқиға. Біз барлық прогрессивті әлемде киноөнер - қоғамның дамуына және қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ете отырып, орасан зор әлеуметтік және идеологиялық әсерге ие екенін жақсы түсінеміз. Екіншіден, қазақстандық киноны жаппай прокатта ілгерілетуге жәрдемдесетін және оның шетелдік фильмдер алдында басымдығын қамтамасыз ететін және үшіншіден, ұлттық киноға әлемдік киноға шығуға мүмкіндік беретін заң қабылданды», - дейді министр.

Жақында вайнер Мейіржан Төребаевтың желіні шулатқан видеосы мәдениет және кино саласында жүрген мамандардың шымбайына батқан секілді. «Қазақфильмді» сынаған вайнердің уәжі Арыстанбек Мұхамедиұлы да хабардар екенін білдірді.

«Бізде заңды оқымаған кейбір азаматтар биік мінберден сөз сөйлеп, қалжыңмен шабуыл жасағысы келеді. Ал шынтуайтына келгенде бұл заң - бірегей. Біздің ұлттық кино 12 пайыздық қосымша құнға салынатын салықтан босатылады. Кино түсіріп жүргендер мұндай жеңілдіктің маңызын біледі. Біз заңда Франция, АҚШ, Ресей мен Қытай, Оңтүстік Корея секілді киноөндірісі дамыған елдердің тәжірибесін негізге алдық», - дейді министр.

Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Қазақстан кинематографистері одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов отандық киноның келешегі туралы сөз қозғап, «Қазақфильмге» байланысты жақында айтқан вайнер Мейіржан Төребаевтың сынына жауап берді.

Режиссердің айтуына қарағанда, кино туралы талқыланатын болса, ең алдымен Асанәлі Әшімов секілді халық мойындаған азаматтарды тыңдау керек.

«Мен сол вайнерге жауап бергім келеді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Түсіріліп жатқандардың бәрі кино емес. Кітап дүкеніне түсіп жатқанның бәрі де әдебиет емес былайша айтқанда... Кітап дүкеніне кірсең, Мұхтар Әуезов, Мұқағалиларды көресің. Біз мында бәріміз - облыстық мәдениет басқармаларының басшыларының бәрі отырмыз. Не дегім келеді: жастармен кездесу керек. Адамдарды шақыру керек. Олардың бәрі де әлеуметтік желіде. Біз болсақ, әңгімені осында талқылаудамыз», - дейді режиссер.

«Димаш пен Данэлияның ұстаздарына мың алғыс!»

Алқа мәжілісінде Қазақстанды шетелде танытып жүрген Самал Еслямова, Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешованың еңбегі аталмай қалған жоқ. Министр Лондондағы концерт залы 2 мың адамға ғана арналса да, Димаштың концертіне 4600 билет сатылғанын мақтанышпен жеткізді.

Біздің Димашты ВВС қатарлы әлемдік телеарналар көрсетті. Қазіргі уақытта Димашпен бірге Данэлия да америкалық «The World's Best» байқауына қатысып жатыр. Ол байқау өтіп жатқан CBS арнасы - әлемнің ең ірі телевизиялық компаниясының бірі. Оның аудиториясы - 1,5 млрд көрермен. Ол байқауға қатысып жатқандардың ішінде біздің өнерпаздарымыздан бөлек, ТМД-дан бірде-бір адам жоқ. Іріктеу өте қатаң. Міне, біздің екі отандасымыз ол байқауда сәтті өнер көрсетіп жатыр. Ол - АҚШ. Ол - әлемнің ең үздік сахнасы. Өнерпаздарымызды осы залда отырған өзіміздің ұстаздар тәрбиеледі. Сіздермен (педагогтарға) - біз мақтанамыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді

Алқа мәжілісінде баяндама жасаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет осы жылдың тамыз айында Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өткізілетінін жария етті.

«Мәдениет туралы заңның аясында «Кинематография туралы» заңның қабылданғаны туралы жаңа айтылып кетті. Адамның қызығушылығын оятатын нәрсе. Кино деген шынын айтқанда дамуы тиіс сала. Баяғыда бір заманда әдебиет дамып кетіп еді, енді киномыз озайын деп тұр. Соған қызыға отырып, мен құттықтағым келеді. Сонымен қоса, ішімдегі бір ұсынысты айта кетсем деймін. Мәдениет деген заңның ішінде бірде-бір әдебиетке қатысты бап жоқ. Сондай-ақ бізге бір жеке заңның керегі жоқ, бізге тек бір бап қана енгізіп берсе, жаңағыдай қосымша құн салығынан құтылып, қаламақымыз өсер еді, біздің де жолымыз ашылар еді деп ойлаймын», - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы өз сөзінде биыл Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып өткізілетін шараларды атап өтті.

«Оның ең үлкені - 45 жылдан бері өтпеген халықаралық, дүниежүзілік дәрежедегі форум. Осыдан 45 жыл бұрын кеңес заманында, сонау 1973 жылы Азия-Африка жазушыларының Алматыда конференциясы өткен еді. Оны әлі біздің қаламгерлер де, оқырмандар да аңыз қылып айтады. Биылғы жылы біз соның бір жалғасындай, Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумын өткізгелі отырмыз. Бұл 14-21 тамыз аралығында өтеді. Бұл бюджетке салынып, мақұлданған дүние», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Ақын өз сөзінде сонымен қатар биыл Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толатынын атап өтті.

Жаңа қазақ әліпбиіне көшу қарқыны қандай?

Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін әзірлеу және бекіту бойынша Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бастаған жұмысы Мәдениет және спорт министрлігі құзыретіне беріліп, сәтті жүзеге асырылуда.

«Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына 2018 жылғы 19 ақпанда өзгеріс енгізілді. Әліпбидің жаңа нұсқасы жаңаша тыныс алып, өмірімізге кеңінен жол тартып келеді. Бұл бағыттағы толыққанды жұмысты жүйелі үйлестіру мақсатында алғаш рет «Тіл-қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Жұмыстың жоғары қарқыны арта бастады. Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияда 2018 жылы 6 желтоқсан күні «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» бірауыздан мақұлданды. Күні-түні ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізілгенін баршаңыз жақсы білесіздер. Осы жұмыстардың нәтижесі деп латын графикасында жарық көрген алғашқы «Til-Qazyna» ақпараттық-танымдық газетін атап өткім келеді», - дейді министр.

Оның айтуынша, өткен жылы 14 қарашада министрліктің бастамасымен Ұлттық академиялық кітапханада алғаш рет жалпыхалықтық диктант өтті. Диктантқа опера әншісі Майра Мұхамедқызы, балет әртісі Бахтияр Адамжан, жазушы Роза Мұқанова, дзюдодан әлем чемпионы Максим Раков сияқты танымал тұлғалар қатысты. Диктанттың мәтіні тікелей эфирде «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларында беріліп, оған 2 миллионнан астам азаматтың қатысуы үлкен серпіліс әкелген.

«11 ақпанда Astana Hub халықаралық технопарк алаңында «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» IT-тұсаукесер рәсімін өткіздік. Шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, жазушылар, тіл мамандары мен әдіскерлері, IT қауымдастығының жетекші мамандары қатысты. Бүгінгі күні халқымыздың жаңа әліпбиді тез әрі тиімді меңгеруіне жол ашатын «Qazlatyn.kz» (Қазлатын.кз), «Tilqural.kz» (Тілқұрал.кз), «Sozdikqor.kz» (Сөздікқор.кз) сияқты ұлттық порталдар жұмыс істейді. 3D форматта әзірленген «IQdos» (Айкюдос), «Селтең сері» анимациялық фильмдері балаларға жаңа әліпбиді жылдам игеруге мүмкіндік береді. Біздің атқарған ауқымды жұмыстарымыз елімізде 2025 жылға дейін күтпей, қазірден латын әліпбиін пайдалана бастауға септігін тигізді!», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр спорт жайлы: Біз болашаққа жұмыс істейміз

«Спорт саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізілді» дейді министр. Оның айтуына қарағанда, ТМД және Балтық аймағы бойынша Қазақстан Пхенчхан қаласында XIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысуда Ресейден кейін ең көп лицензиялардың иегері атанған. Фристайлшы Юлия Галышева Қазақстан үшін бұл спорт түрінен алғашқы Олимпиада қоласын жеңіп алды. Сонымен қатар, Паралимпиада чемпионы Александр Колядин шаңғы жарысында алтын медальді иеленген.

«Әрине, біз жақсы нәтижелер күтіп отырдық, бірақ біздің Пхенчхандағы ұлттық құрама бұрынғы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда ең кішісі. (жасөспірім Аяулым Әмренова мен Аяна Жолдас 16 жаста). Қазақстан жазғы және қысқы спорт түрлерінде тұрақты нәтижелерді көрсетеді. Индонезияның Джакартасындағы жазғы Азия ойындарында біздің командаға үлкен үміт артылды. 76 медаль жеңіп алды (15 алтын, 17 күміс, 44 қола) - бұл жалпы есепте тоғызыншы орын. Әрине, Қазақстан үшін бұл жақсы нәтиже емес. Сонымен бірге, объективті сәттер бар - 2017 жылдың соңына қарай ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бір жыл мерзімге жарыстардан шеттетілуі тоқтатылды. Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) сот төрелігінің бүкіл тарихы бір өкіл емес, бұл, сөзсіз, төрешілердің нәтижелеріне әсер етеді. Сонымен қатар, мен айтып өткенімдей, ұлттық құраманың құрамы өте жас», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр «Біз болашаққа жұмыс істейміз!» дейді. Біздің команда зор әлеуетке ие және олардың ең жарқын жеңістері әлі алда екеніне сендіреді.

«Осы жылдың басынан бастап, АҚШ-та Фристайл бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Юлия Галышеваның тамаша жеңістерін атап өтсем деймін. Словениядағы Альпі Кубогында алтын медальді жеңіп алған Алексей Полторанин, АҚШ-тағы төрт континентальдық чемпионатта күміс жүлдегер атанған Элизабет Тұрсынбаева, Финляндияның шаңғы трамплиндері бойынша әлем чемпионатында тарихта бірінші қола медаль алған Сергей Ткаченко, WBC және тағы басқалар бойынша «жастар» әлем чемпионы атағын алған Садриддин Ахметов және мақтаныштарымыз жетерлік. 15 ақпанда Мемлекет басшысы жеке кездесіп, біздің чемпиондарды құттықтады. Мұндай жоғары деңгейдегі назар спортшылар мен жалпы спорттың кәсіби дамуына зор серпін береді», - деді министр.

Туризмді қалай көтереміз?

Астана қаласы мен Бурабай демалыс орнын, Алакөлдегі туризмнің дамуы туралы баяндаған Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан аумағындағы жалпы ауданы 27 гектар болатын алғашқы қалалық қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтірілетінін де айтып өтті. Оның пайымдауынша, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру - туризмнің де дамуына серпін береді.

«Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласының буферлік аймағының 88,7 гектарлық аумағында 18 негізгі аймақ толық реставрацияланып, қайта қалпына келтіріледі. Ең алдымен, жалпы ауданы 27 гектар болатын Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі - Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтірілетін болады. Онда Қожа Ахмет Ясауи дәуірінен қалған 50-ден астам ғимаратты салып, Әбілмәмбет хан қыстағының бастапқы түрін қалпына келтіру көзделген», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің (Қазандық, Гурхана, бас портал, Үлкен Ақ-Сарайдың ресми қабылдаулар залы) 11-12 ғасырдағы Хильветтің, Чилля хананың, 15 ғасырдағы ортағасырлық шығыс моншасының, Рабия Сұлтан Бегім, Есім хан кесенелерінің реконструкциясы жоспарланған.

«Көшпелі өмір салтын ұстану үшін Этноауыл ашылып, ыңғайлы болу үшін қоныс аумағы ландшафтты архитектурамен гүлденеді. Онда шеберлер орталықтары, ұлттық тағамдар көрмесі, кәдесыйлар ұсынылып, ұлттық ойындар өткізіледі. Келушілерге ыңғайлы болу үшін барлық аумақта жаяу жолдар, су бұрқақтар, саябақтар орналасады. 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 млн аса адамды құрайтын болады. Олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаяды», - дейді министр.

Түркістаннан бөлек, министр Байқоңырдағы ғарыш туризмі туралы да айтып өтті.

««Байқоңырдағы ғарыш туризмін дамыту - жаңа бағытқа айналғалы отыр. Керек десеңіз, бүкіл әлемде жабық ғарыш старттық алаңдарын бір көру - аса зор қызығушылыққа ие. Мәселен, АҚШ-тағы басты ғарыш айлағы мен Флорида штатының Канавералындағы басты режімдік нысандарға жылына 100 мыңнан 1 миллионға дейін турист келеді», - дейді министр.

Әлем жұртшылығын ғарыш туризмі қызықтырып отырғанымен, Арыстанбек Мұхамедиұлы Баңқоңыр мұндай көрсеткішпен мақтана алмайтынын жеткізді.

«Байқоңырда старт жиі орындалады. Ал айналып келгенде онда барушылардың саны 2 мыңнан аспайды. Бұған ең алдымен қазақстандық және ресейлік әскери қызметтердің арасында келісімнің болмауы және құқықтық кедергілер себеп болып отыр. Аталған мәселені мен Петропавлда Қазақстан мен Ресей президенттері кездескен кезде көтерген болатынмын», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

 

 

Жоғары қарай