Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Мәдениет министрі Бекзат Саттархановтың ата-анасымен кездесті

2019 жылдың 4 шілде 2019 18:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бокстан Сиднейде өткен Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханұлымен, анасы Сырлыкүл Саттархановамен, Бекзаттың рөлін сомдаған «Astana Musical» мемлекеттік театрының актері Самат Әзімқұловпен кездесті, деп хабарлайды ҚР МСМ баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы Бекзаттай ұлды тәрбиелеген ата-анасына құрмет білдіріп, алғыс хат табыстады.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және өз атымнан Сіздерге қазақ елінің біртуар ұлы, халқының мақтанышы, спорт әлемінде аты алтын әріппен жазылған Бекзаттай ұлды тәрбиелеп, өсіргендеріңіз үшін өз алғысымды білдіремін. Бекзаттың жарқын бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие деп білемін», - деп атап өтті министр.

Олимпиада чемпионының әкесі Сейілхан Саттарханов Жапония астанасы Токиода 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасына сәттілік тілеп, жылы лебіз білдірді. Анасы Сырлыкүл Саттарханова бас жүлдемен оралған ұлының «Бұл тек менің ғана жеңісім емес. Бұл - бүкіл елімнің жеңісі. Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын», - деп айтқанын еске алды.



null

Сондай-ақ, Бекзаттың ата-анасы Түркістан қаласындағы мектепке және Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге Бекзаттың есімін беру жөнінде ұсыныс білдірді. Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова осы бағытта тиісті жұмыстарды пысықтауға тапсырма берді.

Қазақстандық боксшы Бекзат Саттарханов 2000 жылы Сидней қаласында өткен 57 келі салмақта бокстан жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Бокспен 15 жасынан шұғылдана бастады, соған қарамастан 20 жасында Олимпиада жеңімпазы атанды. 1998 жылы Жастар арасында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 1998 жылы Жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1999 жылы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 1999 жылы Орта-Азиялық мемлекеттерінің жеңімпазы. Өкінішке орай 2000 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жыл қарсаңында Ордабасы ауданында жол апатынан қайтыс болды.

Қазіргі уақытта Б.Саттарханов аты берілген Шымкент қаласында дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернат, Кентау қаласында кешенді балалар-жасөспірімдер спорт-мектебі бар. Түркістан қаласында даңғылдардың біріне Бекзаттың есімі берілген. 2007 жылдан бастап жыл сайын бокстан Бекзат Саттарханов атындағы жастар арасындағы халықаралық турнир өтеді.



null

Айта кетейік, олимпиада чемпионы туралы Мұрат Бидосов түсірген «Бекзат» атты көркем фильмнің жабық көрсетілімі өткен болатын. Кинолента «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Фильмде спортшының өмірі, карьерасының басталған кезі баяндалған.

Жоғары қарай