Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін Үкімет қаулысы әзірленді - министр

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 16:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт мектебіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған министрліктің мәліметінше, онда Ақтоты Райымқұлова жергілікті тұрғындармен кездесіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы, маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жайында айтып берді. Мемлекет басшысының Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңызына ерекше мән берілгені белгілі. Президент әсіресе «спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деген еді. Мәдениет және спорт министрі «Үшқоңыр» мектебі осы міндетті жүзеге асыруға үлес қосып жатқанын айта келе, спорт саласында жүргізіліп жатқан және жоспарланып отырған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай елімізде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың санын 35 пайызаға дейін арттыруға болатынын жеткізді. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, елдегі спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 5,4 миллион адамнан асқан.





Министр сондай-ақ Жолдау сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да мүмкіндік беретінін айтты.

«Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылдан бастап мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін Үкіметтің тиісті қаулысын әзірледі, ол жыл соңына дейін қабылданады. Мәдениет саласына тікелей қатысы бар адам ретінде осы жалақыны арттыру мәселесінің шешілуін қаншалықты күткенімізді түсінемін», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен осыдан 3 ай бұрын ашылған «Үшқоңыр» спорт кешенінде спорттың 16 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. 2 бассейн бар. Балалар еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таеквандо мен үлкен теннис сынды олимпиадалық спорт түрлерінен жаттығады. 45 жаттықтырушы қызмет ететін мекемеде 2 мыңға жуық спортшыны дайындап шығаруға мүмкіндік бар. Елбасы Н.Назарбаев бұл кешеннен болашақ олимпиада жеңімпаздары түлеп шығатынына сенім білдірген еді.





Жоғары қарай