Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Ливанда наразылықтардан кейін WhatsApp-қа салық салынбайтын болды

2019 жылдың 18 қазан 2019 11:15

БЕЙРУТ. ҚазАқпарат – Өткен түні Ливанда үкіметтің WhatsApp мессенджерінің көмегімен интернет арқылы жасалатын қоңырауларға салық салу жоспарына байланысты наразылық басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Arab News-ке сілтеме жасап.

Электр байланысы министрі Мұхаммед Шукэр премьер-министр Саад Хариридің өтініші бойынша жоспардың жойылғанын мәлімдегеннен кейін де, мыңдаған адамдар наразылық акцияларын тоқтатқан жоқ.

Наразылық білдірушілердің кейбіреулері WhatsApp желісіне салық салу жоспарынан бас тарту жеткіліксіз екенін мәлім етті. Себебі экономикалық тұрғыдан әлсіз мемлекеттің адамдарына салынатын басқа да салық түрлері бар.

«Үкімет отставкаға кетуі керек, себебі ешкім халықтың өмір сүру жағдайына жауапкершілік алғысы келмейді. Күн сайын адамдар көз жұмуда, алайда оны елеп жатқан ешкім жоқ. Жұмыс жоқ, әлеуметтік қамсыздандыру да жоқ, денсаулығымызға ешкім кепіл бере алмайды. Мұнда барлығы әртүрлі топтан шыққан», - деді наразылық білдірушілердің бірі.

Наразылық білдірушілердің ашу-ызасына министрлер кабинетінің сәрсенбіде 2020 жылғы бюджетті талқылауға арналған отырысы себеп болды. Жиын барысында бір депутат WhatsApp мессенджер қосымшасы арқылы жасалатын қоңырауларға күніне 20 центтен салық енгізуді ұсынды. Алайда бұл ұсыныс әсіресе жастар мен табысы аз адамдардың ызасын келтірді. Көпшілік мұндай әрекет тек қосымша салықты енгізіп қана қоймай, қоңыраулар мен хабарламаларды бақылауға, сөз бостандығын шектеуге де қатысты деп алаңдады.

Ел арасында азаматтық белсенділер әлеуметтік желілер арқылы митингілерге шақыра бастаған соң наразылық туа бастады. Кешкі 8-ге қарай бірнеше ондаған адамдар Бейруттің көшелеріне шықты. Біраз уақыттан соң оларға басқалары да қосылып, олардың саны жүздеген, одан кейін мыңдаған адамдарға жетті. Әуежайға апарар басты жолында автомобильдік шиналардың өртеніп жатуына байланысты көлік қозғалысы тоқтатылды.

«Біз кедей адамдармыз. WhatsApp-та тегін қоңырау шала алатынбыз. Енді неге олар біздің интернет пен қоңыраулар үшін екі рет ақша төлегенімізді қалайды?», - деді наразылық білдірушілердің бірі.

Мұндай салық енгізуді ұсынған депутат министрлер кабинетінің отырысы кезінде Хезболла өкілдері де, басқалар да бұл идеяға қарсы болмағанын айта кетті.

Автор:

Раушан Қоңырбаева

Басты сөздер: Оқиға, Әлем,
Жоғары қарай