Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 335.05
EUR 395.12
RUB 5.66
CNY 50.64

Латын әліпбиіне көшу шет тілдерді үйренуге жол ашады - студент Мария Широнова

2017 жылдың 12 қазан 2017 20:37 1108

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының студенттері мен оқытушылар қауымы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне қолдау білдірді. Бүгін Алматыдағы Орталық Азия университетінде аталған мәселе аясында жиын өткізіліп, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы маңызды тақырыптың бірі латын әліпбиіне қазақ тілін көшіру мәселесі деп есептеймін. Латын әліпбиінде аталарымыз 1940 жылдардың ортасына дейін жазып келген. Бізге латын таңсық емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деген болатын. Біздің рухани жаңғыруымыздың басы осы тілдің жаңғыруында», - дейді Орталық Азия университетінің ғылым жөніндегі проректоры Нұржан Мақсатов.

Студенттер арасынан сөз алған Мария Широнова қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесінің жастар арасында қызу талқыланып жатқанын айтты.

«Латын әліпбиіне көшудің артықшылығы көп, халық арасында тілге деген жаңа көзқарас оянады деп сенемін. Шет тілдерін үйренуде көмегін тигізеді. Жалпы студенттер латынға көшуді қолдайды. Қазақстан президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта¬ның, ком¬муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр-дағы ғылы¬ми және білім беру процесінің ерекше¬лік¬теріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», деген болатын. Біз үшін бұл аса қиындық туғызбайды», - деді Мария Широнова.

Аталған оқу орнының оқытушысы, биология ғылымдарының ғандидаты Ерсейіт Бегайылов әкесінің латын әліпбиінде сауат ашқанын, ол үшін латын әріптерімен жазу қиынға соқпайтынын айтты.

«Қазақ тілін латынға көшіру мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Халық арасында талқыланды. Студенттер арасында насихатталды, жастардан тек қолдап отыр. Менің әкем латын әрпімен хат жазатын, мен оны кішкентай кезімнен білемін, еш қиындығы жоқ», - деді ЖОО ғалымы Ерсейіт Бегайылов.

Айта кетейік, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деген болатын.

Пікір қалдыру

Жоғары қарай