Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 335.05
EUR 395.12
RUB 5.66
CNY 50.64

Латын әліпбиі әлем әдебиетіне жол ашады - жазушы Табыл Құлияс

2017 жылдың 12 қазан 2017 19:12 900

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі сатирик-жазушы, қарымды қаламгер Табыл Құлияс латын графикасындағы әліпбиге көшу турасында өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Латын әліпбиіне көшу әлем әдебиетіне жол ашып, әлемдік ғылымды меңгеруге мүмкіндік береді. Көрші мемлекеттердің көбі латын қарпіне өтіп кеткенін білеміз. Латын әліпбиі қазаққа жат емес. Бұрын да аталарымыз латын әрпімен оқығанын білеміз», - дейді жазушы.

Табыл Құлияс сондай-ақ, Барнауылдағы архивті ақтарған уақытта кездестірген бір оқиғаны еске алады.

«Қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиінің ескі славяндық үлгісі қазіргісінен әлдеқайда бөлек. Мен мысалы архивтерді ақтарғанымда ескі славяндық жазудың қазіргі қолданыстағы үлгісінен өзгешеліктері барын көрдім. Десе де, архив қызметкерлері бұрынғы үлгіні оқи береді. Орыстардың ескі славяндық әдістен қазіргі қолданыстағы әліпбиге өту әдісін де ескеру керек. Кирилл әліпбиіне үйреніп қалғандар латын әліпбиіне көшкенде қиналып қалармыз деп те жасқануы мүмкін. Латын әліпбиіне өтудің, меніңше, ешбір қиындығы жоқ. Қайта сөзіміз, дыбысымыз орнына, қалпына келеді. Келе жатқан ұрпақты ойлауға тиіспіз», - дейді Табыл Құлияс.

Сонымен бірге, жазушы билік жаңа әліпбиді халықпен талқыға салғаннан еш ұтылмайтынын айтады.

«Ортақ талқы - дұрыс бағыттағы жұмыс. Бірқатар мәселелерді ескеріп, жаңа әліпбиге дыбыстық үндестігімізге сай келетін әріптер қосылуы мүмкін. Мысалы менің 43 кітабым шықты. Кейбір жазушылар әліпби ауысса, шығармаларымызды ешкім оқымай қояды деп ойлауы ықтимал. Мен олай түсінбеймін. Қазір менің кітаптарымды интернет арқылы латын әліпбиіне аударып, Моңғолия, Қытай қазақтары оқып алып жатыр. Тек қана жақсы кітап жазу керек. Жақсы кітап өшпейді. Оны қашан да тауып алады, оқиды», - дейді Табыл Құлияс.

 

 

Пікір қалдыру

Жоғары қарай