Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Қызылордада жолаушылар пойыздарына жасалған рейдте көптеген кемшіліктер анықталды

2019 жылдың 30 сәуір 2019 22:15 865

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жолаушылар пойызына жасалған рейд барысында көптеген кемшіліктер анықталды. Рейдте техникалық байқаудан өтпеген вагондармен жолаушылар тасымалдап жүрген жағдайлар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейд «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда облысының көліктік бақылау инспекциясы мамандары тарапынан жүргізілді.

Рейд барысында №41 «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының 17-ші және 16-шы вагонында төсек-орын жабдықтары 2017 жылдан бастап жаңартылмағаны анықталды. Негізінде ол алты ай сайын жаңартылу қажет. Ал 6 вагонда гигиеналық тазалық заттары жоқ. Сондай-ақ, ауыз су қондырғылары орнатылмаған. Айта кетерлігі, соңғы 6 айдан бері техникалық байқаудан өтпеген вагон қолданыста жүрген.

Тозығы жеткен төсек-орындар, ауыз су құрылғыларының орнатылмауы, гигиеналық заттардың жоқ екендігі №56 «Қызылорда-Көкшетау» пойызында да анықталған.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім бар. Осыған сәйкес қоғам өкілдерімен бірлесе отырып рейд жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Облыс көлемінде «Адал жол» жобалық тобы құрылды. Содан бері жалпы 37 билетсіз азамат анықталып, 13 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Теміржол вокзалында жолаушылар пойызына заңсыз ақша алып, билетсіз мінгізіп жіберетін 6 қосалқы көмекші (помогайка) әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылды. Вагондардан техникалық, санитарлық және тағы басқа 80-нен аса кемшіліктер анықталды. Анықталған кемшіліктер негізінде акт толтырылып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

«Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен алдағы уақытта да жолаушылар пойыздарындағы көрсетілетін қызметтерге, жолсеріктердің жұмысына, билетсіз жүру фактілеріне мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады.

 

 

 

Жоғары қарай