Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 378.14
EUR 429.42
RUB 5.68
CNY 55.56

Қызылордада тұрмысы төмен жандар тегін нан алып жатыр

2018 жылдың 9 желтоқсан 2018 18:55 598

  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық жанашыр азаматтар мұқтаж жандарға тегін азық-түлік тарататын арнайы орын ашты. Бұл игілікті істі жергілікті банкте және несие корпорациясында қызмет ететін Дәурен Сейітжанов пен Алмат Абдуллаев есімді жігіттер қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар Қызылорда қаласындағы «Универсам» мөлтекауданында орналасқан «Қызылорда» дүкенінен тегін азық-түлік тарататын сөре ашты. Қайырымды жандар дүкеннен нан немесе басқа да азық-түлік өнімдерін сатып алып, сөреге қойып кетеді. Ал мұқтаж адамдар сол жерден өзіне керегін тегін алуына болады.

Дәурен Сейтжанов бұл қайырымдылық шараны көптен бері ойға алғанын айтады. Осы арқылы мұқтаж жандарға аз да болса көмегін тигізуді мақсат тұтқан.

«Бұл ойымды досым Алматқа айттым. «Игі істің басына - жақсы келер қасына» демекші, досым қолдап, іске кірісіп кеттік. Біз аз уақыттың ішінде сөре жасатып, оны дүкен ішіне қойдық», - дейді Дәурен.

Қайырымдылық сөресі орналасқан дүкенге күн сайын бір баратын Дәурен Сейтжанов кейбіреулер түсінбей, тегін затты молынан алып қалуға тырысып жататынын да жасырмады.

«Мұндай жағдайда істің мән-жайын түсіндіріп, сөре тек мұқтаж жандарға ғана арналғанын айтудан жалыққан емеспіз. Енді еріктілер де атсалысса дейміз, олар бір мезгіл халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізсе жақсы бола еді», - деді Д. Сейтжанов.

Біз  бұдан бұрын Қызылордада жергілікті кәсіпкер мұқтаж жандарға пәтер алып бергенін хабарлаған едік .

 

 

Жоғары қарай