Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.52
EUR 431.32
RUB 6.10
CNY 55.89

Қызылордада кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттарға ие бола алады

2019 жылдың 19 маусым 2019 01:26 814

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттарға ие болу мүмкіндігі бар. Оған берілетін қаржы көлемі 3 млн теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту жөнінде атап көрсеткен болатын.

Айта кетерлігі, 2013 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында сан алуан жұмыстар жүзеге асты. Нәтижесінде жаңа бизнес идеяларды және бизнес инкубациялау шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 3 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар беру конкурсы жүзеге асырылуда. Бизнес идеялардың жаңашылдығы мүгедектер үшін қолданылмайды, яғни оларға бағдарламада басымдық берілген.

«Конкурсқа шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі және 50 жастан асқан азаматтар өздерінің жаңа бизнес-жобаларын ұсыну арқылы үміткер бола алады. 2019 жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау рәсімі биыл 10 маусымынан басталып, 21 маусымға дейін жалғасады», - деді облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Басқарма басшысының айтуынша, бағдарлама талаптарына сәйкес жобаны іске асыру үшін сұратылған грант қаражатының 10 пайызы мөлшерінде өзінің үлесін қосу қажет. Яғни, кәсіпкер қаржылай немесе жылжымайтын/ жылжымалы мүлікпен қатысып, міндетті түрде жұмыс орнын құруы тиіс. Кәсіпкер грант қаражатын алу үшін міндетті түрде «Бизнестің жол картасы 2020» немесе «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс.

Грант қаражатын кәсіпкерге берілуі жөнінде арнайы конкурстық комиссияның шешімімен іске асырылады. Конкурстық комиссиясының шешімі оң болған жағдайда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Даму» қоры және кәсіпкер арасында үшжақты келісімшарт жасалады.

Мемлекеттік грант беру конкурсының қағидатына сәйкес, конкурс нәтижесі бойынша оң шешім берілген бизнес жобаларға грант қаражатын алған күннен бастап 1 жыл ішінде шарт талаптарының орындалуына «Даму КДҚ» АҚ мониторинг жүргізеді.

Айта кететін жәйт, жыл сайын аталған конкурсқа үміткерлер санының өсуін ескеріп, осы жылдың екінші жартыжылдығында қосымша қаражат тарту мақсатында облыстық бюджеттік комиссияның қарауына тиісті ұсыныс әзірлену үстінде.

Бұдан бұрын Қызылордада «жасыл белдеу» жасалатынын хабарлаған едік.

Жоғары қарай