Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 346.68
EUR 404.02
RUB 5.47
CNY 51.15

Қызылордада алғаш рет Көрісу күні өтеді

2018 жылдың 14 наурыз 2018 06:13 2871

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап Сыр өңірінде Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Көрісу мерекесін атап өтуге назар аударылып отыр. Бұл шара облыс әкімдігінің қолдауымен Қызылорда облысында алғаш рет тойланбақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас мәлім етті. Оның айтуынша, 14 наурызда Қызылорда қаласының «Сыр сүлейлері» аллеясында Көрісу күні атап өтіледі. Аталмыш шараны игі дәстүрге айналдырған еліміздің батыс өңіріндегі облыс тұрғындарының тәжірибесіне сүйене отырып, Қызылорда облысында да кең ауқымда тойланатын болады.

«Наурыз мерекесі аясында тойланатын Көрісу дәстүріне ақсақалдармен бірге жастар да қатысады. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу мерекесі - Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа өнегесі мол. Жалпы, бұл күннің негізгі шарттары - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау. Осының нәтижесінде халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, біреке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүрін дәріптей аламыз», - дейді Н.Мыңжас.

Бүгінгі таңда бұл дәстүр еліміздің батыс аймағында кеңінен насихатталып келеді. Дегенмен, кейбір этнограф ғылымдардың айтуынша, ол ертеректе еліміздің көптеген өңірлерінде тән дәстүр болған екен.

Бұл жөнінде филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан «Этнограф ғалымдар бұл дәстүр бұрынғы уақытта наурыздың алғашқы күнінен бастап тойланғанын алға тартады. Ол еліміздің батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахань, Саратов, Самар, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар арасында атап өтілген екен. Бірақ, оны амал немесе көрісу деген де атауы болмаған. Жалпылай айтқанда «Наурыз» деген атау берген. Амал деген атау 1988 жылдан бастап елімізде мерекенің 21-22 наурызға ресмиленуіне байланысты шыққан. Халық Жыл басы саналған күннен ажырағасы келмеуіне байланысты 14 наурызды Амал деп атауға мәжбүр болды» дейді.

Осылайша биыл Сыр өңірі тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін бірнеше күн бойы атап өтуге назар аударып отыр. Оның әрбір күнінде тағылымы мол сан алуан шаралар өткізіледі. 


Әділет ҚАҢТАРБАЕВ

 

 

Басты сөздер: Қызылорда облысы, Мәдениет,
Жоғары қарай