Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Қызылорда жылыжайларында өсірілген өнімдер экспортқа шығарылып жатыр

2019 жылдың 30 маусым 2019 17:48 1173

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жылыжайлардың жұмысын жандандыруға көңіл бөлінетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін атап көрсеткен болатын.

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыстың агрокартасы бойынша биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың нысаналы индикаторлары белгіленді. Агрокарта аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды.

«Бүгінгі күні облыста егін егу жұмыстары толығымен аяқталды. Биыл барлығы 183,8 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналасып, межеден 5,2 мың гектарға артық орындалды. Агрокарта бойынша, биыл облыста егілген майлы дақылдар көлемі 7 мың гектарды, мал азықтық дақылдар көлемі 62,7 мың гектарды құрады», - деді Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Маржан Өмірбаева.

Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы көлемі 10,5 га құрайтын барлығы 164 жылыжай бар. Қолда бар жылыжайлардың 90-ы нақты жұмыс жасап тұр. Дегенмен, 74 жылыжайда ешқандай жұмыс жоқ. Осыған орай, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жылыжай шаруашылығын дамыту жөнінде арнайы іс-шаралар қабылданды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, биыл жаңадан қолға алынған және жұмысы тоқтап тұрған жалпы көлемі 6,395 га болатын 43 жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр.

2018 жылы облыстан 34,5 млн долларды құрайтын 95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, 2017 жылмен салыстырғанда 18,2% артқан. Оның ішінде, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 94,5% құрап отыр.

2018 жылдан бастап экспортталатын өнім түрлері ұлғайтылып, Қытай, Түркия, Араб Әмірлігі мемлекеттерінің нарығы игерілуде. 2019 жылы экспортқа бағытталған жобалық құны 5,4 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

 

 

Жоғары қарай