Ауа райы
Астана -27 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 334.85
EUR 394.29
RUB 5.69
CNY 50.60

Қызылорда облысының күрішіне орақ түсті

2017 жылдың 22 тамыз 2017 14:25 1101

  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шиелі ауданында 2017 жылдың күріш орағы басталды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Алтын Дән - Шиелі» шаруа қожалығының алқабында басталған бұл дала дүбірі үлкен салтанатпен аталып өтті. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев үлкен науқанды сапалы әрі қысқа мерзімде өткізу жөнінде хабарлама жасаса, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы құттықтау сөз сөйледі.

Ыбырай Жақаев ауылындағы «Алтын Дән - Шиелі» шаруа қожалығы бұл күндері аудандағы іргелі шаруашылықтың біріне айналып үлгерді. Жас маман Асқар Бердібаев басшылық жасайтын шаруашылық ауылдағы бірнеше ұсақ шаруашылықтың басын біріктіріп, бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесі де жаман емес, өткен жылы аудан «чемпионы» атанды. Ал биыл олар жалпы 1230 гектар жерге егін ексе, оның 900 гектары - Сыр маржаны.

Шаруашылық басшысының мәлімдеуінше, орташа әр гектардан 60 центнерден өнім алуға мүмкіншілік бар көрінеді. Агротехникалық шаралар уақытылы өткізіліп, дақыл дәрежесінде күтімге алынған.

Биыл Шиелі ауданы жалпы 30 мың гектар егін ексе, оның ішінде күріш дақылы 13352 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың гектарға артық. Сондай-ақ көкөніс, бақша дақылдары мен екпелі шөп көлемі де молайды.

«Елбасы тапсырмасына орай облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей қадағалауымен жаңа саға басынан үрлемелі су қоймасы орналастырылды. Мемлекет қаржысына салынған маңызды нысан өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, дарияда су көлемі азайса да, жаңа құрылғы арқылы Шиелі ауданының алқаптары бұрынғыдай судан тапшылық көрмейді», - деді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Жоғары қарай