Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қызылорда облысының әкімі тағайындалды

2019 жылдың 28 маусым 2019 20:24

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімі қызметіне Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

«Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалсын», - делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.

Қ. Ысқақов 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын - инженер-құрылысшы, Қызылорда политехникалық институтын бухгалтер-экономист, Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

1986-1988 жылдары Ауғанстанда Кеңес жауынгерлерінің шектеулі құрамында әскери борышын өтеген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда жиһаз фабрикасында бірінші разрядты станокшы ретінде бастаған. 1993-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспектор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2003-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің бастығы, 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысының қаржы басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2015 жылдың шілде айынан желтоқсан айына дейін Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы лауазымында болды.2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Қызылорда облысы әкімі қызметін атқарған Көшербаев Қырымбек Елеуұлы Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

Жоғары қарай