Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Қытайдан эвакуацияланған 89 студент Нұр-Сұлтандағы ауруханадан шығарылды

2020 жылдың 16 ақпан 2020 12:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдан эвакуацияланған 89 студент елордадағы Көпсалалы медициналық орталықтың жұқпалы аурулар бөлімінен шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы 2 ақпанда Ухань қаласынан студенттер жеткізілді. Оның ішінде Беларусьтың - 5, Арменияның 1 азаматы бар. Олар 14 күндік карантинде болды. Бұл уақыт аралығында бірқатар зерттеу жүргіздік, соның ішінде коронавирус бар-жоғын анықтадық. Олардың ешбірінде коронавирус инфекциясы анықталған жоқ. Бүгін олар үйлеріне жіберілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисі Сәуле Атығаева.










Көпсалалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаев 89 студенттің киімдері ауыстырылып, қазақстандық ұялы байланыс операторларының номерлерімен қамтамасыз етілгенін айтты.

«Олар коронавирус инфекциясы таралған жақтан келгендіктен, бәріне түсіністікпен қарады. 1-2, 3-4 орындық жеке бөлмелерге орналастырылды. Орталықта Беларусь, Армения мемлекеттері мен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тумалары жатты, барлығын қосқанда – 89 адам. Бұл ғимараттың ерекшелігі – бөлмелер толық изолятор ретінде жасалған. Яғни бір-бірімен ауа алмаспайды. Студенттерге бес уақыт тамақ берілді, киімдерін ауыстырып, қазақстандық SIM-карталармен қамтамасыз етілді», - деді Мұхтар Төлеутаев.




Алматылық Ажар Нақыпбек Қытайда 2018 жылдан бері тіл үйрену курсында білім алуда.

«Қытайды 2018 жылдан бері тіл курсында оқып келемін. Негізі Қыздар педагогикалық университетінің студентімін. Қытайда студент алмасу бағдарламасы бойынша оқығанмын. Бұл жерде дәрігерлердің бізге деген қарым-қатынасы жақсы болды», - дейді ол.

Сондай-ақ, Беларусь Республикасының азаматы қазақстандықтарға алғыс айтты.

«Мен Уханьдағы компаниялардың бірінде жұмыс істеген едім. Уханьнан Нұр-Сұлтан қаласына 2 ақпан күні келдік. Қазақ халқына Беларусь азаматтарына қажет кезде пана болып, көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Дәрігерлерге, медбикелерге рахмет. Бізге өте жақсы қарап, бес уақыт тамақтандырды. Өзімізді шипажайда жатқандай сезіндік. Қытайдағы мәселе шешімін тауып, жағдай тұрақталып жатса - жұмысқа қайтып барамын», - дейді Вадим Пенталь.

































Жоғары қарай