Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Қырғызстан сыртқы істер министрі отставкаға кетті

2018 жылдың 12 қазан 2018 17:26 136

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев отставкаға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Қырғызстан СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі қызметін 6 жыл атқарып, өз еркіммен лауазымнан кету туралы өтініш жаздым. Мемлекет басшысы отставканы қабылдады. Әріптестеріме, ең алдымен Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүйесінің барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Маған сенім артып, қолдағандардың баршасына рахмет!», - делінген Эрлан Абдылдаевтың баспасөзге берген мәлімдемесінде.

Баспасөз қызметі отставканың себебін айтпай отыр. Кеше Қырғызстан президентінің аппараты Сыртқы істер министрлігі және Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі Кылычбек Султанның үндеулері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығы жүргізген тексерістердің қорытындыларын жариялады. Тексеріс Қырғызстан президентінің тапсырмасы бойынша жүргізілген. Онда тек Қырғызстан елшісінің жұмысында ғана емес, жалпы Сыртқы істер министрлігінің жұмысында да кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасының Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы өкілдерінің мәлімдеуінше, «Сыртқы істер министрлігіндегі кемшіліктер туралы ақпараттарды алдын ала тексеру елдің сыртқы саяси ведомствосының өзекті проблемаларының бірін - СІМ жүйесінде тиянақты кадрлық саясаттың жоқ екенін, сондықтан министрліктен «қызметтік» сипаттағы ақпараттардың жиі сыртқа шығуынан көрінетін кері салдарды ашып көрсетті».

Сондай-ақ «Қырғыз Республикасы СІМ басшылығының жұмысында кадрларды іріктеп алу және орналастыру бойынша айтарлықтай кемшіліктер, сыртқы істер министрінің өз қоластындағы қызметкерлердің заңды бұзуына объективті реакциясының аздығы анықталған».

Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінде анықталған, сондай-ақ К. Султанның Қырғыз Республикасының Малайзиядағы және Корея Республикасындағы дипломатиялық миссиясының басшысы болып жұмыс істеген кезде жол берген кемшіліктерінің материалдары қарау және құқықтық баға беру үшін Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасына жіберіледі.

 

 

Жоғары қарай