Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Квазимемлекеттік сектордағы мекемелер жұмысын қайта пысықтау керек - сенатор

2019 жылдың 6 маусым 2019 16:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тиімсіз квазимемлекеттік секторындағы мекемелердің жұмысын қайта қарастыру керек. Бұл туралы туралы Парламент Сенатының жалпы отырысынан кейін депутат Ерболат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін палатаның жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.

«Негізі, тиімсіз бүкіл квазимемлекеттік секторындағы мекемелердің барлығын қайта қарастыру керек. Керек болса, кейбірін жауып тастау қажет. Өйткені, мемлекет қаражаты оларға бөлініп отыр. Ал осыдан мемлекеттің экономикасына пайда болмаса, оларды жабу қажет деген пікірдемін», - деді сенатор.

Бұдан бөлек Е. Мұқаев еліміздегі макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

«Жалпы экономикамыздың дамуы жаман емес. Ішкі жалпы өнім 4,1 пайызға (2018 жылы) өсіп отыр. Сонымен қатар, бюджеттің кіріс жағы да және шығыс бөлігі де 100 пайыз орындалды. Дегенмен де тиісті кемшіліктер де бар. Бірінші кемшілік, біздің шикізатқа тәуелділігімізге байланысты. Екіншіден, банктер жағдайының төмендеуі салдарынан, біздің экономикаға тиісті әсері болмай тұр», - деді депутат.

Осы орайда сенатор екінші деңгейлі банктер несиелерінің пайыздары төмен болуы керектігін, бұл несиелер ұзақ мерзімге негізделуі қажеттігін атап өтті.

«Бұл шаралар орындалған кезде экономикамызға тиісті пайдасы болады. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге біраз қолдау жасады. Енді осы қолдаудың қайтарымы жоспарлы деңгейде орындалуы керек», - деді Е. Мұқаев.

Оның пайымынша, 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бағытында министрліктер қолдарынан келгенше жұмыстарды іске асырды.

«Мемлекет әлеуметтік салаға елеулі түрде көңіл бөліп келеді. Үкімет бұл саланы назарда ұстап, атаулы әлеуметтік көмек бөлу, жәрдемақы сомасын өсіру және басқа да шараларды жүзеге асырып жатыр», - деді Ерболат Мұқаев.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Экономика, Бюджет, Сенат,
Жоғары қарай