Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Құсни Қорлан әні бағымды ашты – Халықаралық байқау жеңімпазы Бексұлтан Кеншіқалиев

2019 жылдың 9 тамыз 2019 17:59

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бексұлтан Кенішқалиев Литва елінде өткен екі бірдей халықаралық байқаудың бас жүлдесін еншіледі. Өнерімен әлемді мойындатып келген студентті, бүгін академия ректоры Асхат Маемировтің өзі қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бексұлтан Кенішқалиев халықаралық байқауға бірінші рет қатысты. Әлемдік деңгейдегі өнер додасында оның бағы жанып, бір емес екі бірдей Гран-приді иеленді.

Екі байқау да Литва мемлекетінде өтті. Біріншісі - «Паланга-2019» XV-ші халықаралық әншілер байқауы. Екіншісі - «The Voices Lithuania» әлемдік телевизиялық байқау.

«Маған Литва елінде өткен екі бірдей байқауға қатысу бұйырыпты.Әрине, қорқыныш пен қобалжу болды. Себебі, онда тек мықтылар бақ сынасты. Өзім білім алып жатқан оқу орны мен елміздің намысын бермеуге тырыстым. Барымды салдым десе де болады. Басты мақсатым - жеңу болды. Соған қол жеткіздім, қуанышымда шек жоқ. «Паланга-2019» байқауында Естайдың әні - Құсни Қорланды орындадым. Дәл осы шығарма менің бағымды ашты»,- дейді Бексұлтан Кенішқалиев.





«The Voices Lithuania» әлемдік телевизиялық байқауына 24 мемлекеттен үміткерлер қатысты. Бексұлтан Кенішқалиев бұл өнер додасында

Элтон Джоның «Sory seems to be»- әнінің нақышына келтіріп орындап, ең жоғары ұпай санымен бас жүлдеге ие болды.

«Телевизиялық байқаудың шартына сәйкес, біз әнімізді құрамында 75 адамы бар симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадық. Мұнда да біраз тер төктім.Барлық туған-туыстарым мен қазақстандықтардың қолдауын сездім. Жеңімпаздарды анықтап, сахна төріне шақырып жатқанда жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Бір кезде анандай жерден Қазақстанның туын көрдім. Сонда көзіме еріксіз жас келді. Бұл енді қуанышттың жасы. Ең алдымен анама хабарласып, бас жүлдені жеңіп алғанымды айттым»,-дейді жеңімпаз.

Қос бірдей бас жүлдені жеңіп келген дарынды студентті Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қарсы алып кұттықтады.





«Біздің академия үшін бұл үлкен жетістік. Бексұлтан баламыз Литва мемлекетінде Қазақстанның намысын қорғады. Үмітімізді ақтады. Жас таланттарды қолдау, ел өнерін халықаралық аренада дәріптеу - біздің еліміздің мәдени саясатындағы басты бағыттардың бірі.Негізі еуропалықтар қазақтың ән өнеріне тәнті. Себебі, біздің дарынды жастарымыз әмбебап. Олар қазақстандық өнер иелерінің бойындағы ерекшеліктерге таңқалады. Ол рас,біздің талантты жастарымыздың өнері саф алтындай таза. Табиғи шынайылық бар. Тек соны ары қарай дамытып, жетілдіріп отыру керек»,-деді Асхат Маемиров.





Байқауға Қазақстанмен бірге, Ресей, Израиль, Латвия, Әзербайжан, Литва, Беларусь, Армения секілді мемлекеттердің эстрада орындаушылары қатысқаны туралы айтқан болатынбыз.



Перевод Алма Мұқанова
Басты сөздер: Мәдениет, Алматы,
Жоғары қарай