Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Құрылыс саласындағы рекорд: Төрт айда 13 мың үй қолданысқа берілді

2019 жылдың 6 маусым 2019 12:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Инвестициялар мен мемлекеттік бағдарламалар Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының нарығын жандандырып келеді. 2019 жылдың төрт айында 13 мың жаңа тұрғын үй ғимараты қолданысқа берілді. Бұл - рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бергі төрт айда тұрғын үй құрылысы саласына салынған инвестиция 321,9 млрд теңгені көрсетіп, жылдық өсім 17,1 пайызға жеткен. Оған қоса, 2018 жылы тұрғын үй құрылысына рекордтық көлемдегі 1,2 трлн теңге салынғанын айта кету керек.

Тұрғын үй құрылысына инвестицияның өсімімен бірге қолданысқа берілген баспаналар саны да артып келеді. Мәселен, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында елімізде 13,1 мың жаңа тұрғын үй ғимараты қолданысқа енгізілген. Бұл ретте, өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жалпы 38,7 мың тұрғын ғимараты берілгенін атап өтуге болады. Осыны ескерсек, тұрғын үй құрылысы жағынан биыл да рекорд жаңаруы әбден мүмкін.

Бір жыл ішінде барлығы 13,1 млн шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2019 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 3,25 млн шаршы метр беріліп те қойды. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша 12,1 млн шаршы метр ауқымындағы үйді пайдалануға беру көзделіп, былтыр 12,5 млн шаршы метрмен жоспар артығымен орындалған.

Соңғы жылдары баспанаға сұраныстың артып келе жатқанын атап өту керек. Оған жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйге қол жеткізу мүмкіндігі себеп болып отыр. 2019 жылдың сәуір айының соңындағы жағдай бойынша ипотекалық несиелер бір жылда 24,8 пайызға өсіп, 1,1 трлн теңгеден 1,4 трлн теңгеге өскен. Жалпы, 2018 жылдың соңында Қазақстанда ипотекалық несиелеудің сомасы 18,9 пайызға, яғни 1,3 трлн теңгеге артқан.

Өткен жылы «7-20-25» бағдарламасының іске қосылуы ипотекалық нарықтың тынысын аша түсті. Мәселен, 2019 жылдың 30 мамыры бойынша аталмыш бағдарламамен 7,9 мың өтінім мақұлданып, 91,4 млрд теңге мөлшерінде қарыз берілген.

Жоғары қарай