Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 366.43
EUR 420.11
RUB 5.58
CNY 52.87

Құрманғазы әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналды - Айтжан Тоқтаған

2018 жылдың 19 қыркүйек 2018 21:22 779

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Құрманғазы әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналды. Бұл туралы күй атасының 200 жылдығына орай Оралда өткен «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда белгілі күйші-ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Құрманғазы - ұлы күйші, Батыс Қазақстан өңірінің көрнекті өкілі, күй мәдениетіндегі ерекше тұлға. Төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері ең алдымен Құрманғазының есімімен байланысты.

Халық берген «күй атасы Құрманғазы» деген атақ күйшіні аса жоғары қастерлеудің белгісі ғана емес, ол ең алдымен - Құрманғазыынң ұлттық музыка мәдениетіне қосқан зор үлесінің айғағы. 

Құрманғазы дәстүрлі домбыра өнерін көптеген жаңа жетістіктерге жеткізді, жанрлық, мазмұндық-бейнелік шеңберін кеңейтті, жаңа тәсілдер енгізіп орындаушылық дәрежесін көтерді. Осының бәрі Құрманғазының өнерін ұлттық музыка мәдениетіндегі қайталанбас бірегей көрінісі ретінде танытады.  

Профессордың пайымдауынша, күйшінің музыкалық мұрасы өте бай. Оның шығармашылығында дәстүрлі домбыра жанрларының барлығы өз көрінісін тапқан. Кейбір күйлерінің аңызында немесе шығу тарихында күйшінің өмірінде болған оқиғалар баяндалады. Соған қарап Құрманғазының өмірбаянын нақтылауға болады.  

«Құрманғазы - домбыра өнеріне көптеген жаңалық енгізіп, оның әрі қарай дамуына зор үлесін қосқан дарынды тұлға. Оның енгізген жаңалықтарын күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Солардың бірі - күйдің екінші (үлкен) сағасы. Күйдің бұндай шарықтау шегін Құрманғазыға дейін және онымен қатар өмір сүрген басқа күйшілер де қолданған, бірақ үлкен саға деңгейі Құрманғазының шығармаларында ғана күйдің жеке бөлімі ретінде қалыптасты» деп атап өтті Айтжан Тоқтаған.   


null 

Құрманғазының енгізген тағы бір жаңалығы - екі әуеннен тұратын күй құрылымы. Екі әуенді деп күйдің бас буыны мен орта буын бөлімдеріндегі әуендер өзінің сапасы жағынан бір-біріне тең болып, шығарманың даму барысында алма-кезек жүріп отыратын құрылымды айтамыз. Бұл төкпе күй құрылымының ерекше түрі. Екі әуеннен (музыкалық тақырыптан) тұратын күйлер қатарына «Ақбай», «Алатау», «Кісен ашқан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлерді жатқызуға болады. 

Құрманғазы кейбір шығармаларында төкпе күй дәстүрінде бұрын-соңды кездеспеген жаңа әдістерді қолданған, олар, мысалы, бас буынның (кіріспенің) жалғыз дауысты болуы («Кішкентай», «Серпер» күйлері), қатар жүретін (параллелді) секундалар, тритон үндестігі («Машина», «Серпер», «Бұлбұл»), орындаушылықтың жаңа әдістері т.с.с. 

Жалпы алғанда, Құрманғазының музыкасы жігерлі, қайсар мінезімен, даму барысының белсенділігімен, жарқын мазмұндылығымен ерекшеленеді.   

Ұлы күйші қалыптастырған дәстүрді біздің заманымызға жеткізген - оның шәкірттері Мәмен, Көкбала, Ерғали Ещанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова, Уахап Қабиғожин, Қали Жантілеуов. Қазіргі замандағы домбырашылар осы дәстүрді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамытуда. Музыкалық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында домбырашыларды даярлау бағдарламаларының бірі Құрманғазының жеке орындаушылық-шығармашылық дәстүрі бойынша жүзеге асады.

Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы А.Жұбановтың, П.Аравиннің, Б.Байқадамованың және тағы басқа музыкатанушылардың мақалалары мен зерттеулерінде жан-жақты қарастырылған. Күйші туралы кейбір мәліметтер Н.Савичев пен А.Затаевичтің еңбектерінде берілген. Дегенмен, әлі де болса Құрманғазының өзіндік өнері толығымен зерттелді деп айтуға болмайды. Сондықтан келешекте этномузыкатанушылар мен домбырашылардың алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі - күйшінің өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктерін, айрықша стилін, орындаушылық мәнерін толыққанды ашып көрсететін монографиялық зерттеу жазу.

«Бүгінгі таңда, яғни Құрманғазының күйлері нотаға түсіп, үнтаспаларға жазылып, сахнада орындалып жүрген кезде, Н.Савичевтің ұлағатты сөздері орындалғандай болды - Құрманғазының тұлғасы ұлттық музыка өнерінің ең биік жұлдызына айналды. Қазіргі кезде оның есімі Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі. Қазақ халқы оның музыкасын сүйеді, мәңгі өлмес өнерін құрметтейді. Құрманғазының есімі халық аспаптар оркестріне, Қазақ ұлттық консерваториясына, өнер колледждері мен музыка мектептеріне көптеген қала көшелеріне берілген. Еліміздің бас қаласы Астанада композитордың еңселі ескерткіші орнатылды. Халқымыздың күй мұрасындағы гимніне айналған Құрманғазының "Сарыарқасы" ЮНЕСКО-ның алтын қорына енді. Өмірі күреспен өткен күй атасы Құрманғазы туған халқының есінде мәңгі қала бермек,» деп түйіндеді сөзін профессор А.Тоқтаған.

Айта кетейік, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Оралда бірнеше шара ұйымдастырылды.



null 

null

Жоғары қарай