Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

ҚР Президенті Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады

2019 жылдың 15 шілде 2019 11:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы жарылысқа байланысты қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті.


«Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынымы негізінде өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылауды әлсіреткені, соның салдарынан Арыс қаласында әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына жол берілгені үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа қатаң сөгіс жарияланды»,- делінген Мемлекет басшысының Өкімінде.


Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жоғары қарай