Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

ҚР Президенті: Байтақ жерімізді мұра еткен бабалар аманатына адал болу – парызымыз

2019 жылдың 12 желтоқсан 2019 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, баршаңызды еліміздің басты мерекесі – қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи үдерістеріміздің бастауы, ұлы мейрам. Бүкіл еліміз үшін мұнан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабалармыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы егемендік алған күннен басталғанын атап өтті.

«Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем бойынша 9-орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды. Алатаудың баурайынан елордамызды Арқа төсіне көшіріп, Есілдің жағасына ел қондырдық. Бас қаламыз аса маңызды халықаралық жиындардың орталығына айналды. Мемлекеттік және азаматтық институттарға негізделген басқару жүйесін жетілдірдік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы жылдарда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болғанын айтты.

«Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық. Соның арқасында 28 жыл ішінде ІЖӨ абсолютті өлшемде 16 есеге өсіп, 180 млрд доллар болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия бойынша көш бастап келеді. Еліміз халықаралық экономикада өзінің лайықты орнын алды. Бізге шетелден 330 млрд доллар инвестиция тартылды. Осының барлығы ең алдымен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», - деді ҚР Президенті.

Жоғары қарай