Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

ҚР ОСК: Біздің серверлерден деректердің таралып кетуі мүмкін емес

2019 жылдың 9 тамыз 2019 16:33 159

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының серверлерінен деректердің таралып кетуі мүмкін емес. ҚР Орталық сайлау комиссиясы осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат,

ҚР ОСК баспасөз қызметінің мәліметінше, ақпараттық-коммуникациялық сайлау инфрақұрылымын, оның ішінде сайлаушылардың бірыңғай электрондық тізілімін құрумен, басқарумен және пайдаланумен 2005 жылдан бастап Ортсайлаукомның ведомстволық бағынысты ұйымы – «Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік – техникалық орталығы» РМК айналысады.

«Сайлаушы-азаматтардың бірыңғай электрондық тізілімі Орталық сайлау комиссиясының серверлерінде орналасқан, олар ақпаратты қорғаудың барлық шараларын көздейді және сыртқы қосылыстары жоқ, оның ішінде Интернет желісіне қосылмаған. Осылайша, ОСК серверлерінен деректердің таралып кетуі мүмкін емес.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың дербес деректерін тарату қаупі туралы жария алаңда баяндалған фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізді. Құпия ақпараттың жайылуына әкеп соғуы мүмкін Орталық сайлау комиссиясының серверлеріне рұқсатсыз қол жеткізу әрекеттерін тексеру нәтижелері бойынша анықталған жоқ», делінген ресми хабарламада.

Ортсайлаукомның мәлімдеуінше, бұл ретте «ҚР ОСК ИТО» РМК мердігерлік ұйымының ақпараттық-талдау жүйесінің функционалын жетілдіру бойынша жұмыс барысында деректерді компрометациялау көзі бола алатын әзірлеу серверін пайдаланғандығы анықталған.

«Қызметтік тексеру нәтижелері, сондай-ақ «ҚР ОСК ИТО» РМК тапсырысы бойынша жұмыстар кешенін жүзеге асырған мердігерлік ұйымның қызметіне қатысты материалдар уәкілетті органдарға берілді. ІІМ жүргізген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға белсенді көмек көрсетіледі», делінген хабарламада.

Сонымен қатар биыл ақпараттық қауіпсіздікке қатысты қосымша шаралар қабылданып, екі мәрте аудит жүргізілген. Атап айтқанда, Мемлекеттік техникалық қызметі ақпан айында, ОСК бастамасы бойынша «ЦАРКА» заңды тұлғалар бірлестігі жасаған меморандум негізінде маусым айында аудит жүргізілген.

«ЦАРКА» ЗТБ белгіленген ынтымақтастық шеңберінде ақпараттық жүйелердің кешенді аудитін, сыртқы және ішкі тестілеуді жүзеге асырды, қауіпсіздік қатерлеріне байланысты тәуекелдерді талдауды және бағалауды жүргізді және т. б.

Ақпараттық қауіпсіздік аудитінің қорытындылары бойынша 2019 жылғы 6 маусымдағы «ЦАРКА» ЗТБ есебі қолжетімділігі шектеулі ақпараттың, оның ішінде сайлаушылардың дербес деректерінің таралып кету қаупі мен осалдығын анықтау туралы деректерді қамтымайды. Есепте қамтылған ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту жөніндегі ұсынымдар толық көлемде уақтылы іске асырылды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, кеше «ЦАРКА» ЗТБ Facebook-тегі парақшасында 11 млн қазақстандықтың жеке мәліметтерінің таралуына қатысты ҚР ІІМ-нің ресми хатын жариялады. Хатта аталмыш оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 211-бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны айтылған.

Жоғары қарай