Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

ҚР Ішкі істер министрлігі үздік мергенді анықтады

2019 жылдың 24 тамыз 2019 15:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі үздік мергенді анықтады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жастарды спортқа шақыра отырып, Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Парламентке спортты бұқаралық шараға айналдыруды тапсырды. Аталған тапсырманы орындау шеңберінде, ішкі істер органдары қызметкерлерінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, жауынгерлік қарудан оқ ату дағдыларын жетілдіру мақсатында ҚР ІІМ және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі бірінші рет Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында жауынгерлік қарудан ату бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына республикалық турнир өткізді.

Турнир 2019 жылы 23 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында «Алатау» спорт сарайында өтті. Жарысқа аумақтық Полиция департаменттерінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, оқу орындарының, сондай-ақ Ұлттық ұланның командалары қатысты.

Құрметті қонақтар ретінде турнирге Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымының төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, Олимпиада чемпионы, су добынан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, «Динамо» ДСҚ ардагері Сергей Котенко шақырылды.

Турнирдің жабылу салтанатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев атыс дайындығы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның негізгі қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бірі екенін айтты.

Ішкі істер органы қызметкерлерінің атыс қаруын сенімді меңгеруі – ІІМ бөлімшелері қызметінің тиімділігін анықтайтын маңызды факторлардың бірі. Сондай-ақ, ведомство басшысы аталған турнир қолданбалы спортты дамытуда игі дәстүрге айналуы тиіс екенін де атап өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында елордалық Полиция департаментінің «Арлан» арнайы бөлімшесінің қоян-қолтық ұрыс бойынша өнер көрсетуі барлық қатысушыларға жауынгерлік рух берді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте І орынды Алматы қаласы Полиция департаментінің командасы, ІІ орынды Қарағанды облысы Полиция департаментінің командасы, ІІІ орынды ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы иеленді.

Әйелдер арасындағы ең үздік нәтижелерді Наталья Ткаченко (Алматы қ. ПД), Айсәуле Жеңісқызы (Қарағанды облысының ПД) және Павлодар облысы ПД қызметкері Айман Жаминова көрсетті.

Турнирдің жеңімпазы Наталья Ткаченконың нәтижелері атудан спорт шебері атағына үміткер нормативінен асып түсетінін атап өту керек.

Ерлер арасында Алматы қаласы ПД өкілі Елдос Нәсіпбаев үздік болып танылды. Сонымен қатар, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Айдын Капелов да жақсы нәтиже көрсетті. Көшбасшылар үштігінің бірі – Еркебұлан Қамиев (Қарағанды облысының ПД) болды.

Жарыс қорытындысы бойынша ведомство басшысы үздік командаға ҚР Ішкі істер министрінің кубогын табыс етті. Жеке біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.




Басты сөздер: Спорт, Қоғам, ҚР ІІМ,
Жоғары қарай