Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

ҚПЛ: «Қайрат» «Қайсарды» ойсырата жеңді

2019 жылдың 14 шілде 2019 23:08 208

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан еліміздің Премьер-лига командалары арасындағы біріншілігінің 18-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Көкшетау қаласында өтті. Бұл кездесуде алаң иелері 3:1 есебімен басым түсті. Ойынның 35-минутында «Тараз» шабуылшысы Серж Ньюадзи есеп ашқан еді. Одан кейін 50-минутта «Оқжетпес» сапынан Милан Стоянович айып добынан таразы басын теңестірді. Ал алаң иелері қатарынан Данило Алмейда Алвес 76-минутта гол соқса, 80-минутта Санат Жұмаханов қорытынды есепті белгіледі.

Тағы бір кездесу Алматы қаласында өтті. Жергілікті «Қайрат» Қызылорданың «Қайсар» командасын ойсырата жеңді. Аталмыш кездесуде алматылық шабуылшы Мартон Эппель 16, 59, 73-минуттарда хет-трик жасаса, Айбол Әбікен 62, Бауыржан Исламхан 81-минутта есепті үстемелей түсті. Оған «Қайсар» сапынан 88-минутта Тигран Барсегян бір ғана голмен жауап қайырды. Кездесуде «Қайрат» 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Шымкентте турнир кестесінде алдыңғы үштікте келе жатқан «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобылы» кездесті. Аталмыш кездесуде 0:0 есебі тіркелді.

Бұл турдағы тағы екі кездесу кеше, 13 шілдеде өтті. Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 4:0 есебімен жеңсе, «Ақтөбе» Қарағандының «Шахтерімен» 2:2 есебімен тең ойнады.

Бұл турдағы бір ойын «Астана» мен «Атырау» арасында 3 сәуір күні өткізілген еді. Ол кездесуде елордалық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді келесі тур ойындары 20 және 21 шілдеде болады. Бұл күні «Атырау» мен «Ордабасы», «Тараз» бен «Жетісу», «Тобыл» мен «Қайрат», «Қайсар» мен «Ақтөбе», «Шахтер» мен «Оқжетпес» командалары кездеседі. Аталмыш турдағы «Ертіс» пен «Астана» арасындағы ойын алдын-ала 15 мамыр күні өткізіліп, онда елордалық клуб 4:0 есебімен жеңіске жеткен еді.



Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай