Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

ҚПЛ: «Қайрат» «Ақтөбені» ойсырата жеңді

2019 жылдың 5 қазан 2019 22:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 29-турының үш ойыны өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Көкшетау қаласында болып өтті. Жергілікті «Оқжетпес» турнир кестесінде соңғы орындардың бірінде келе жатқан «Тараз» командасын қабылдады. Ойынның 20-минутында «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Милан Стоянович есеп ашты. Одан кейін көкшетаулық команда сапынан Данило Алмейда Алвес 28-минутында есепті үстемелей түсті. Одан кейін «Тараз» командасынан Әлішер Сүлей 43, Элгуджа Лобжанидзе 66 және 90-минуттарда екі гол соғып кетті. Нәтижесінде «Тараз» сырт алаңда қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ойының 9-минутында павлодарлық Руслан Есімов есеп ашқан еді. Одан кейін алаң иелері қатарынан Аслан Дарабаев 55, Мартин Тошев 88-минутта бір-бір голдың авторы атанды.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан Алматының «Қайраты» ең соңғы орындағы «Ақтөбе» командасын 6:0 еебімен ойсырата жеңді. Есепті 4-минутта алматылық Конрад Вржещиньский ашты. Одан кейін Мартон Эппель 6-минутта мергендік танытса, 54-минутта Ғафуржан Сүйімбаев ақтөбелік қақпашыны қапы қалдырды. Ал 58-минутта алматылық тағы бір ойыншы Адеринсола Эсеола есепті ұлғайта түсті. Ал 60-минутта Бауыржан Исламхан пенальтиді мүлтіксіз орындады, 68-минутта Мартон Эппель тағы бір мәрте қанжығасын майлады. Осылайша «Қайрат» «Ақтөбені» ойсырата жеңді.

Енді 6 қазанда «Ордабасы» мен «Астана» командалары кездеседі. Бұл турдағы «Қайсар» мен «Тобыл», «Шахтер» мен «Атырау» арасындағы кездесу 30 қазанға ауыстырылды. Өйткені, 6 қазан күні Қазақстан кубогының финалында «Қайсар» мен «Атырау» командалары шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай