Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

ҚПЛ: «Астана» көш тізгінін қайта қолға алды

2019 жылдың 14 сәуір 2019 22:17 994

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші туры мәресіне жетті. Аталмыш турдағы соңғы кездесу елордада «Астана» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары арасында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» мен «Ордабасы» арасындағы кездесу жанкүйер тарапынан ерекше қызығушылық туғызғаны рас. Екі команда да турнир кестесінде алдыңғы орындарда келеді. Сондықтан ойынның тартысты өтетін белгілі еді.

Кездесу барысы да солай өрбіді. Алаң иелері тезірек гол соғу мүмкіндігін қарастырды. Көздеген мақсатына астаналықтар 15-минутта жетті. Олардың қатарынан Дорин Ротариу мергендік танытты. Бірінші кезең аяқталар тұста Тоқтар Жаңғылышбай таразы басын теңестірді. Бұл 44-минут болатын.

Аталмыш есеп 86-минутқа дейін сақталып тұрды. Алаң иелері үшін тең нәтиже қолайсыз саналады. Әр жылы алдына чемпиондық атаққа қол жеткізуді мақсат ететін «Астана» ойын соңына таман белсенділік танытты. Осындай шабуылдың бірінде Марин Томасов өз командасына жеңіс сыйлаған гол соғып кетті. Осылайша елордалық клуб бүгінгі қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде қайтадан көш басына шықты.

Нәтижесінде «Астана» турнир кестесінде қайтадан көш басына шықты. Дегенмен бұл команданың екінші орындағы «Тобылдан» бір ойыны артық. 

Енді 6-тур ойындары 20 сәуірде өткізіледі. Бұл күні «Атырау» мен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Ақтөбе», «Қайрат» пен «Астана», «Қайсар» мен «Ордабасы», «Тараз» бен «Шахтер», «Тобыл» мен «Жетісу» командалары кездеседі.

Бұған дейін бес ойынның нәтижесі жайында хабарлаған болатынбыз. Алдымен өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесі» Қостанайдың «Тобылынан» 1:2 есебімен жеңілсе, Қарағандының «Шахтері» Павлодардың «Ертісін» 4:0, «Ақтөбе» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін «Тараз» Қызылорданың «Қайсарына» 1:2 есебімен жол берсе, Талдықорғанда «Жетісу» Алматының «Қайратын» 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

 

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай