Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

ҚПЛ: «Астана» командасы алда

2019 жылдың 27 сәуір 2019 21:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің жетінші тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турдағы басты кездесу елордада «Астана» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары арасында өтті. Екі команда турнир кестесінде алғашқы орындарды өзара бөлісіп тұрғаны белгілі. Бүгінгі ойында қостанайлық команда 8-минутта есеп ашты. Бұл сәтте Никита Бочаров мергендік танытты. Оған 59-минутта «Астана» ойыншысы Марин Аничич бір голмен жауап қайырды. Ойын соңына таман «Астана» шабуылшысы Роман Муртазаев жеңіс голын соқты. Есеп 2:1. Осылайша «Тобыл» биылғы доп додасында алғаш рет жеңілді. «Астана» турнир кестесінде «Тобыл» мен «Қайраттан» алты ұпайға ұзап кетті.

Осы турда жанкүйерлер Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Алматының «Қайрат» командалары арасындағы кездесуге де көз тікті. Аталмыш клубтар турнир кестесінде үшінші және төртінші орында қатар тұр. Дегенмен бұл кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.

Дәл осындай есеп Талдықорғанда «Жетісу» мен «Атырау» командалары арасында тіркелді. Кездесуден кейін атыраулық клубтың бас бапкері Виктор Кумыков қызметінен кетті. Себебі, «Атырау» тоғыз ойыннан кейін небәрі бес ұпай жинады. Турнир кестесінде 11 орында келеді.

Жетінші турдағы «Ақтөбе» және «Тараз» командалары арасындағы кездесуде бес гол соғылды. Алдымен «Тараз» сапынан Серж Ньюадзи 20, Абзал Таубай гол соқса, 50-минутта тараздық Жиан дос Сантос Мартинс өз қақпасына гол соғып алды. Ал ақтөбелік Абат Айымбетов 63-минутта таразы басын теңестірді. Дегенмен 92-минутта «Тараз» сапынан Элгуджа Лобжанидзе жеңіс голын соғып кетті. Есеп 3:2. Осылайша тараздықтар қатарынан төрт жеңілістен кейін өз жанкүйерлерін қуантты.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан жетінші турдағы екі ойынның нәтижесі туралы хабарлаған едік. Сырт алаңда «Қайсар» «Шахтерден», өз алаңында «Оқжетпес» «Ертістен» 1:0 есебімен басым түскен еді.

Сегізінші тур ойындары 1 мамыр күндері өткізіледі. Бұл күні «Атырау» мен «Астана», «Ертіс» пен «Жетісу», «Қайсар» мен «Қайрат», «Тараз» бен «Оқжетпес», «Тобыл» мен «Ордабасы», «Шахтер» мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай