Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

ҚПЛ: «Астана» Қарағандыдан жеңіліп, «Қайрат» сәтсіздік сериясын тоқтатты

2019 жылдың 19 мамыр 2019 21:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 11-туры мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада «Астана» Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Бұл ойында алаң иелері есеп ашты. «Астана» сапынан 34-минутта Роман Мұртазаев гол соқты. Ал екінші кезеңде «Шахтер» ойыншылары алға ұмтылды. Нәтижесінде 78-минутта Марат Шахметов таразы басын теңестірді. Ал 84-минутта Сергей Зенев «Шахтер» командасын алға шығарды. «Астана» ойламаған жерден «Шахтерге» 1:2 есебімен жол беріп қойды.

Ал Алматыда «Қайрат» Павлодардың «Ертіс» клубымен шеберлік байқасты. Бұл ойында да алаң иелері алғаш болып есеп ашты. Оны 6-минутта Адеринсола Эсеола шебер орындады. Дегенмен Роджер Каньяс 34-минутта таразы басын теңестірген еді. Ал 41-минутта Адеринсола Эсеола бүгінгі кездесудегі екінші голын соғып, өз командасын алға шығарды. Ойын соңына дейін осы есеп сақталды. Алматылық клуб аталмыш қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. «Қайрат» төрт ойын бойы жеңіске жете алмай келген еді. Сол сәтсіздік сериясын тоқтатты.

Естеріңізге сала кетелік, 11-турдың төрт ойыны кеше, 18 мамырда өткізілді. Өз алаңында Қостанайдың «Тобылы» «Атырау» командасын 3:0 есебімен тізе бүктірсе, сырт алаңда Қызылорданың «Қайсары» Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 2:1 есебімен басым түсті. Ал Талдықорғандағы «Жетісу» мен «Ақтөбе» арасындағы ойында жеңімпаз анықталған жоқ. Есеп - 1:1. Ал Шымкентте «Ордабасы» «Таразды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Аталмыш турдан кейін алғашқы айналым мәресіне жетті.

Екінші айналым ойындары 26 мамырда басталады. Бұл күні «Жетісу» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Ордабасы», «Ертіс» пен «Атырау», «Оқжетпес» пен «Астана», «Тараз» бен «Тобыл», «Шахтер» мен «Қайрат» командалары кездеседі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай