Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Қостанайлықтар тұмауға қарсы тегін егіліп жатыр

2019 жылдың 3 қазан 2019 22:59

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында тұмауға қарсы иммундау кампаниясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Департамент мамандары «тәуекел» тобын құрып, оған енген азаматтар екпені тегін алатын болады. Аталмыш топқа медициналық қызметкерлер, жиі ауыратын және диспансерлік есепте тұрған балалар, жабық мекемелердің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің тұрғындары, созылмалы аурулармен, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдары ауруларымен ауыратын адамдар, жүктілігі белгілі бір мерзімдегі әйелдер жатады.

«Әкімдік қаражат бөліп, Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Тұмауға қарсы екпені жылда алу қажет. Себебі тұмау вирусы көбейе береді және түрлері де өзгеріп тұрады. Өзге инфекцияларға сияқты оған қарсы өмір бойына иммунитет алу мүмкін емес. Биылғы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының 4 штамм айналымы күтілуде. Олар: A/Brisbane (H1N1), A/Kansas (H3N2), B/Colorado және B/Phuket. Вакцинацияның ұсынылатын кезеңі – қазан мен қараша айлары, иммунитет 14 күннен кейін қалыптаса бастайды және жыл бойына сақталады», - делінген ведомствоның ақпаратында.

Мамандардың сөзінше, тұмау ауыр клиникалық көрінісімен ерекшеленеді. Дене температурасы 39-40 С жетіп, қатты қалтырайды, жөтел, әлсіздік басталып, мұрын бітеледі. Қатты бас аурып, бұлшық еттер мен буындардың сырқырауы білінеді.

Жоғары қарай