Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қостанайда тұрғын үй кезегін реттейтін ортақ база енгізу ұсынылды

2019 жылдың 12 сәуір 2019 12:56

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімдігінде ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, ТКШ салаларында мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Гүлнәр Шағырованың айтуынша, жыл басынан бері 4 салада сараптама жұмыстары жүргізілді. Олар: ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, ТКШ.

«Өткен жылы аталған салаларда 651 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 570753 қызмет ауыл шаруашылығында. Мұндай талдаулар мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін жүргізілді. Мәселен, жер учаскесін беру рәсімдерін талдадық. Жер алу үшін 6 құжат қажет екені белгілі. Атап айтқанда, кезекке тұру, жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту, жер учаскесін сатып алу-сату, жалға алу шартын жасау, жер учаскесіне мемлекеттік актіні дайындау. Міне, осыдан кейін ғана жер алушы тіркеледі. Мұны дайындауға 6 ай уақыт кететінін ескерсек, адамдар көбіне жұмысты аяқсыз қалдырады. Сондықтан осы құжаттарды біріктіру ұсынылып отыр», - деді Гүлнәр Шағырова.

Қостанай облысында баспана құрылысы жоғары қарқында салынып жатқанымен, оған кезекке тұрушылардың арасында мүдделер қақтығысы орын алып жататын жағдайлар бар. Өткен жылы облыс бойынша 2 мыңнан астам адам тұрғын үйге кезекке тұрды. Дегенмен, оның 493-і кезектен өз еріктерімен бас тартқан. Басты себеп - кезек ретінің жылжымауы. Қазіргі уақытта үй кезегі Е-әкімдік ақпараттық жүйесі есебінен автоматтандырылған. Тиісінше, әрбір әкімшілік-аумақтық бірлікке жеке кезек жүргізіледі. Бұл ретте Екінші дүниежүзілік соғысының мүгедектері мен қатысушыларына, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бөлек кезек бар.

«Затобол кентінде - 1434, Заречный ауылында - 358, Мичурин ауылында - 155 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бірақ, ауданға бір ғана база берілгендіктен кезек ретінің алға жылжуы бірнеше жылға созылып кетуі ықтимал. Осыған орай, біз тұрғын үй кезегіне байланысты жаңа бағдарламалық өнім енгізуді ұсынамыз. Бұл әр ауылдағы тұрғын үй кезегін бір базаға біріктіреді және әкімшілік ресурстарды қысқартуға, мүдделер қақтығысын, кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Жаңа бағдарламалық базаны енгізу үшін әрбір аудан-қаланың бюджетінен шамамен 2,5 млн теңге жұмсалады. Базаны жергілікті IT-компанияның бірі енгізеді.

Тағы бір мәселе - мемлекеттік қызмет көрсетудегі құжаттардың ретсіз сұратылуы.

Мысалы, трактор басқаруға рұқсат алудан жүргізуші куәлігін алу әлдеқайда тез.

«Бүгінде қолданыстағы жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін қайта медициналық тексеруден өту талап етілмейді, сондай-ақ теориялық емтихан тапсыру алынып тасталды. Ал трактор басқару құқығына куәлік алу үшін бастапқы өтінім мен 086-У мелициналық анықтамасы және емтихан алу комиссиясының хаттамасы (стандарт Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген - автор) сұралады. Бұл ауылшаруашылық кадрларының жұмысына едәуір кедергі», - деп есептейді басқарма басшысы.

Қағаз құжаттардың электронды форматқа көшірілуі де күн тәртібінен түскен емес. Себебі, облыстағы 752 қызметтің тек 205-і «Электронды үкімет» арқылы жүзеге асады.

«Қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша мемлекеттік органдардың төмен белсенділігі заңнамалық регламенттеудің және оларды автоматтандыру бойынша қызмет берушілердің міндеттерінің болмауына байланысты деп есептейміз. Сондықтан «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 10-бабына түзетулер енгізіледі деп күтеміз», - деп түсіндірді Гүлнәр Шағырова.

Жоғары қарай