Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Қостанайда тұңғыш рет толықметражды фильм түсірілді

2019 жылдың 19 тамыз 2019 00:11

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Кім кінәлі?» деп аталатын толықметражды фильмнің премьерасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кім кінәлі?» – тағдыр тауқыметін тартқан адамдардың тұрмысын көрсеткен туынды. Премьера бүгін «Арман 3D» кинотеатрында өтті.

«Қостанайда алғаш рет толықметражды фильм ұсынылды. Айта кетерлігі, бұл көркем туындының түсіріліміне қаражат жұмсалған жоқ. Ең маңыздысы, қостанайлықтардың киноиндустрияға шамалы да болса үлес қоса алатынын, шығармашылық әлеуетін көрсеткіміз келді. Бастамасы бар. Сәтін салса, облыстық телеарналардан, Youtube желісінен көрермендерге жол тартады. Біз бұл фильм арқылы қариялардың қиын жағдайымен бөліскіміз келді. Одан қалды, бүгінде әке мен ұлдың, ене мен келіннің арақатынасы маңызды болып тұр. Міне, фильм идеясы осыдан шықты. Түсірілім тобының бірінші жобасы көрермендердің көңілінен шыққанына қуанамыз», - дейді фильм режиссері Есбол Жатқанов.




Режиссердің сөзінше, түсіру тобы алдымен Рудныйдағы қарттар үйіне барып, сондағы жағдаймен танысқан. Сценарий авторы Әлімхан Мырзахан зерттеу жүргізіп, мәлімет жинақтады. Айта кетейік, бұл фильмге түсу үшін жүздеген әртістердің арасынан іріктеу өткізілді.Олар арнайы сынақтардан өтіп, комиссияның шешімімен таңдалды. Фильмде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Қонысбек Бегайдаров рөлдердің бірін сомдайды. Жалпы, әртістердің көбі қарапайым тұрғындардан іріктелді.




Есбол Жатқанов киноның таныстырылымына келген меймандармен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сөзінше, түсірілім тобы Қостанай қаласының 141 жылдығына арнап тағы бір көркем туындыны қолға алмақ.




Фильм премьерасынан соң облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз алды. Ол туынды авторларына алғыс білдіріп, режиссер Есбол Жатқанов пен актриса Ұлжамал Сейдалинаға облыс әкімінің құрмет грамотасын тапсырды. Ал мәдениет басқармасы және қала әкімінің алғыс хатымен әртістер Нұрлан Байшин, Әлімхан Мырзахан және Нәзира Бекболатқызы, оператор-монтажшылар Абзал Самидосов, Аман Тельманов, Сәндібек Есмырзаевтар марапатталды.







Жоғары қарай